Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл кешке жетпіс шақты адам жиналды. Олардың бәрі де Баукеңнің жақын достары, туыстары, жазушылар мен өнер қайраткерлері еді. Кешті Жазушылар одағының секретары, ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Кештің барлық мазмұны ақын Тұманбай Молдағалиевтың Баукеңнің Абай атындағы сыйлық алуына арнап шығарып, сонда оқыған мына өлеңімен түйінделді:

...Арманға тұрсың қол артып,

Сені елдің қартсың дейтіні-ай!

Көзіңді бізге алартып,

Қорқытпақ болған кейпін-ай!

Бәрі де саған жарасты,

Жап-жарық жаның үшін-ақ,

Азаматы болдың алаштың

Еңбегің адал, ісің ақ.

Шаттанып тұрмын, жанарым

Толып бір нұрлы сезімге.

Соғыста өлген ағаның

Айтарсың соңғы сөзін де.

Махаббатыңды мен бердім,

Жақсы ағам менің осы деп.

Оралмай кеткен ерлердің,

Ең жақсы Отандасы деп.

Бақыт боп алыс, жақынға,

Атандық халық батыры.

Бәйгеден сенің атын да

Келді-ау бір, келді-ау, ақыры.

Мадақтаушы еді сыртыңнан,

Масайрап қалды бұл шақта ел.

Құшақтап тұрып мұртыңнан,

Сүйейін, аға, мұрсат бер!

V

Сүйікті оқушым!

Осы кеше ғана Бауыржанды тағы да көрдім. Қолтығына қалың папка қысып, Коммунистік проспектімен аяңдап, жоғары, Алатауға қарай өрлеп келеді екен. Оң қолындағы кавказ таяғын сүйену үшін емес, сән үшін сілтейтін тәрізді. Әскери қалыптан шыққан құрыш денесін тік ұстап, маңғаз адымдайды. Алыстан қарағанда адамдардың шынары сияқтанып көрінеді. Жанына жақындап, сәлем бердім. Әңгімелесіп, Жазушылар одағына дейін бірге келдік.

Автор. Халіңіз қалай, Бауке?

Бауыржан. Жақсы, қарағым.

Автор. Көңіл күйіңіз?

Бауыржан тротуарда тоқтай қалып, оң қолындағы таяғымен сол жақ қолтығындағы қалың папканы нұсқады.

Бауыржан. Мінеки көңіл күйі! «Солдаттың соңғы күнінің» соңғы нұсқасын аяқтап, одаққа әкеле жатырмын. Роман бітірген жазушының көңіл күйі қандай болатынын білесін ғой, қарағым!

Автор. Құттықтаймын, Бауке!

Бауыржан. Рақмет.

Автор. Енді қандай ойларыңыз бар?

Бауыржан. Мен тек солдаттардың ортасында ғана емес, ағалардың да арасында өмір сүрдім. Ойлап қарасам, оларға да шаш-етектен қарыздар екенмін, Енді соларға арнап, ардагер елу азамат туралы естелік-эсселер жазып жүрмін. Олардың ішінде өзім алғаш көрген сонау Нығмет Сырғабеков, Ораз Жандосов, Қайсар Тәштитов, одан кейінгі Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қалыбек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, тағы басқалары бар. Ілияс Омаров, Мәлік Ғабдуллин, Дмитрий Снегин, Күләш Байсейітова сияқты іні, қарындастарымды да ұмытпақ емеспін. Қазір соның отыз шақтысын жазып қойдым. Осы менің әзірге бітіріп жатқаным. Өзің ше?

Автор. Мен міне «Ақиқат пен аңыздың» екінші басылымын әзірлеп, баспаға әкеле жатырмын.

Бауыржан. Құтты болсын. Маған қоятын сұрақтарың жоқ па?

Автор. Жоқ, Бауке.

Бауыржан. Ендеше cay бол, шырағым. Мені жігіттер күтіп отыр.

Баукең екеуміз Жазушылар одағының кең сарайына кірдік.

Ол жоғарғы қабатқа көтеріліп кетті де, мен төменде қалып қойдым, баспаға қарай бұрылдым.

«Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» деп Абай айтқандай, енді хатымды аяқтағаным абзал. Сөзімнің соңында бұл кітапты басып шығарған, пікір білдірген, жан тебірентерлік сәлемдер жолдаған баспа, баспасөз қызметкерлеріне, барлық оқырмандарға шын жүректен алғыс айтамын. Соның ішінде сен де барсың, сүйікті оқушым!

Автор.

14 сентябрь 1977 ж. Алматы,

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий