Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дәрмен шауып келе жатқан күйінде атынан домалай түсіп, құсына ұмтылды. Мағаш пен Ақылбайлар да, қағілез, шапшаң Баймағамбетте осы құстың үстіне үймелеп қалысты. Бөлек жерде жалғыз ғана Шұбар өз құсына айналып жүр. Ол дуадақ олжаланған көрінбейді. Мынау топ Дәрменнің дуадағын Ерболдың қанжығасына байлап, енді түгелімен Шұбарға келді. Ол жерде жүресінен отырып, қаршығасын етегімен қоршалай бүркеп апты. Бұндағы жайды өзгеден бұрын Көкбай түйген екен. Енді Шұбарға қарап, қарқ-қарқ күледі.

— Масқара! Шұбардың құсы дуадақ ілудің орнына, дуадақтан жапа шегіп, қорлық көріп қалыпты ғой!— деді.

Шұбар қаршығасын амалсыз жұртқа көрсетіп, қолына алды. Бұл қыранның үсті су, үрпиіп қалыпты. Көкбай Шұбармен қатты қалжыңдасатын әдетіне басып:

— Басына дуадақ саңғып кетіпті. Апырай, жақсы талап үстінде мынау жаман шәулінің ырымы қалай жаман еді, Шұбар!—деп тағы күлді. Шұбар сөз қатпаса да ызаланып, Көкбайға салқын көз тастап, сырт айналып, атына міне берді. Абайдың Шұбарға жаны ашығандай болды.

— Олай деме, Көкбай! Қаршыға өзге жаман құс емес, ашу мен намыстың жиын оты өзіңде де мол. Не жаманат болса, өз басына,— деп енді топқа бұрылды.

—Ал бірақ жыр Дәрмендікі. Дәрмен, сен жазасың!— деді.

Әлі де шабытты, желікті Дәрмен енді балаша бір қуаныш білдіріп, астындағы ақ бедеуін өзі дағдыландырып үйреткен қалпына салып, шаужайлап, тебінгенде ақ бедеу мұның қуанышын қостағандай шапшып, қосаяқтап шаншылып тұрып қалды. Шаңқан боздың үстінде Дәрменнің қуанып, ақсия күлген жүзі қызықтырғандай. Жас жалынын атқандай. Қолындағы көк қаршығасы да болаттай жалын ойнап, талпына ұшып, шабытқа тіленеді.

Осы кезде күздің баяу күні көтеріле түсіп, қызғылт сәуле берді. Шапшыған ақ бедеудің үстінде талпынған қаршыға ұстап, күліп тұрған нұрлы жігіт қызғылт күннің шұғыласына малынды.

Әрі шабыт шалған, әрі күн шұғыласы шалған, шапшыған жігіт Абай көзіне ақ мәрмәрдан ойылған, әсем біткен тас тұлғадай көрініп еді.

Жаңағы көркем бір сәтке сүйсініп езу тартқан Абайдың сол көңілді шағы айығып болғанша, қатты келе жатқан ат дүбірі естілді. Бар жолаушы шұғыл бұрылып сырт қарады. Абай атымен бұрылды.

Асығыс, суыт жүріспен келе жатқан жалғыз атты жүргінші енді ғана желісін бәсеңдетіп, тақап қалды. Астындағы. бөдес қоңыр құнанның омырауы, құлағы, көзіне шейін тер басқан. Кең жүгеннің сағалдырық тоға басы шылдырай түседі. Еңгезердей балғын қара жігіттің екі аяғы кішкене құнанның тілерсегін соғады. Қою қара мұрты тықыр біткен, өткір, кішілеу көзді жүргінші Әбді дейтін Жігітек екен.

Алыстан-ақ Абайға тура беттеп, өзгелерге қарамастан тек Абайдың өзіне ғана арнағандай боп:

— Ассалаумәликім, Абай аға!— деді.

Жігіттің енді сұрқыл тартқан жүзі мен қанталай түскен көзінен Абай ашу-шағым тәрізді ажар аңғарды. Өзінде тығыз жұмысы барын да байқағандай.

— Уәғалайекүмәсәлем! Е, жігіт, неғып суыт келесің?- деп, Абай дағдысы бойынша жүргіншінің ісін тез білмек болды.

Әбді байыпты мінез көрсетіп, әуелі Ербол сияқты өзге үлкендерге қарап, қысқа ғана амандасып алды. Сонан соң Абайға тік қарап тұрып сөйлеп кетті.

— Абай аға! Тығыз жұмыспен, арызбен келдім. Өзіңізге келдім. Мына бір жаман құнаныммен арттарыңыздан жортқалы кәп болып еді. Ісім асығыс болса да жеткенім осы!

— Қандай іс, сөйлеші!— деп, Абай жігітке қадала қарап тұр.

— Ісім өз басымдікі ғана емес, жеті бірдей ауылдікі. Сол ауылдардың бар жаны боп, сізге жұмсап отыр. Біз мына Әзберген, Шүйгін судағы жеті ауыл Жігітекпіз!

— Білем ғой.

— Сол жеті ауыл бүгінде қатты зорлық пен қорлық кәріп тұрмыз. Зорлықшы — Әзімбай!— дегенде, Абай қабағын шытына түсті.

Әзімбай деген көкауру, қыңыр кесел боп өсіп келе жатқан. Ол және Абайдың інісі аталады. Ара ағайын емес, Әзімбай айыпты болса, Абайдың ары бірге қысылады. Бұ да қоса жауапкердей сезінеді. Осыны ойлап тұрып Абай өзінің қалай күрсінгенін де аңғармады. Әбді болса, Абайдың қабағы мен демінен өз тараптарын танығандай болды. Сөйлеп түр:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий