Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Роман-эпопея

ТҮН-ТҮНЕКТЕ

1

Ертістің үлкен суына қарай үңілген еңіс, құлаберісте пар ат жеккен жеңіл трашпеңке зырлап келеді. Козлодағы көшір божыларды бар пәрменімен шалқая тартса да болар емес. Ұзақ күнгі жүрістен талмаған екі жарау баран ат шоқыта шабады. Бұл жүргіншілер осы бетімен ағындап барып, Ертіс суына түсіп кетердей. Бірақ жотадан сондай жақын көрінген Ертіс онша тақау емес екен. Жаңағы кезеңнен соң да сәл жайылатын алаң бар боп шықты. Сол алаңда аттардың желігі басылып, жай бүлкекке ауысты. Енді біразда пар атты арба жар жағасын жағалай жүріп кетті. Жүріс бәсеңдеген соң байқалды, жел де жоқ, салқын да білінбейді екен. Қазір июльдің ортасы. Ол қаланың ең ыстық шағы. Соған орай мынау кеш те тымырсық, қапырық. Әуе тұнжыр ғана тұнып тұр.

Жақын аққан үлкен дария да сәл ғана жұлдыз жарығымен сәулелене түсіп, үнсіз жым-жырт көрінді. Қыбыр–қимыл жоқ, бейне бір қалғып қалған тәрізді.

Өзеннің алыстау, арғы жағасында қалың тоғай қарауыта дүңкиеді. Ол – белгілі Полковник аралының қалың биік тоғайы. Арғы жағадағы үлкен Семейдің оттарын, үй-жайларын көзден жасырып тұрған да сол арал тоғай. Тек арғы–бергі жағадан әзір білінетін тірлік белгісі – иттер үні ғана... Бірі алыстан, біреулері жақыннан кейде салмақпен, кейде шәуілдеп үреді. Бірауық олар шуласып, таласа жарысып үріп кетіседі. Осындай шақта қаланың шетіне жаңа ғана кірген жолаушылар бірнеше жалпақ төбелі қоңырқай үйлерден айналып өтті. Енді бір кезде төбесі жабық аласа қораның кішілеу қақпасына кеп тоқтады.

Көшір шапшаң қозғалып, ытқып түсіп, қолындағы бишігімен қақпаны тықылдатып қағып жатты. Осы шақта арбадан мол денелі жолаушының өзі де түсті. Қақпаның ар жағынан келіп дауыс берген ашық үнді әйел, әуелі тесіктен сығалап, келгендерді болжап көрмек еді. Ел жататын кез болғандықтан, түн қараңғысында адамдардың түсін аңғара алмай, қатты дауыстап:

– Е-е, бұ кім? Кімсіңдер? – дегенде, көшір тез жауап қатты:

– Аш, мен Баймағамбет. Келіп тұрған Абай ағам!

Абай бұл кезде арбадан ұзаңқырап, жар жағасына тақап барып, жеңіл мол шапанын шешіп, жолдың шаң-тозаңын сілкіп қайта киіп жатқан. Келген қонақтар жайын естіген үй иесі әйелдің үні тез өзгерді.

– Ойпыр-ау, Абай ағам ба? Қазір, қазір ашайын! – деп қақпасын аша берді. Өңі-түстері танылмаса да, бойлар көрінген соң амандасу басталды. Абай даусын көтеріңкіреп, көңілді үнмен:

– Дәмежанбысың! Қалай, үй ішің, бала-шағаң аман ба? – деді.

Дәмежан ашық жауап беріп амандығын айтып, Абайдың үй-жайын, ауыл-аймақ, ел-жұртының амандығын байыптап сұрады. Бұл даусы саңқылдаған, сөздері сонша анық, айқын естілетін, үні ажарлы әйел екен. Ол амандаса сала қораның іші қараңғы екенін айтып, шам ала шықпақ боп, тез бұрылып ішке қарай жөнелді. Жабық қораның ішінде оның тысырлатып басқан кебісінің даусы ұзаңқырап барады. Баймағамбет ашық қақпаның алдында дегбірсізденіп ауыздықтарын шайнап, жер тарпып тұрған аттарына және Абайға да сөйлеп тұр.

– Қора қараңғы, қазір, қазір. Шам келсін! – деп әр сөзін жылдамдата қайталап, "қазір, қазір" – дейді.

Бұл үй қора-жайды тегі қалаша салмаған. Қары қалың, қысы суық сахарадағы қыстаулар тәрізді әуелі төбесі жабық жылы қора бар да, соның төрінде, не бір түкпірінде адам жайына, бөлмелерге кіретін есіктер болады.

Сондай төбесі жабық тіреулері бар кеңдеу қора, түкпір жақтан шам алып келе жатқан Дәмежанның жақындауына қарай өзінің әр түкпірін, бос қуыстарын көрсете түсті. Дәмежанмен бірге бір аяғын сылти басқан күйеуі ере шықты. Ала көздеу келген, ұзын бойлы, ұзын мойын үлкен баласы Жұмаш та келді. Арба қораға кіргенде, қақпаның сол жағында бір жайдақ, сары арба тұр екен. Соның үстінде жатқан кісілер бары байқалды. Тегі бұл үйдің елден келген қонақтары тәрізді. Қораның сол жағында, аласа кірпіш оттықта шөп жеп тұрған екі-үш ат, көкшіл бау шөпті күтір-күтір шайнай түсіп, пысқырып қойысады. Абай үй иелерінің соңғы шыққандарымен амандасты да, жаңағы арбаға көз тастады. Содан Дәмежанға бұрылып:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий