Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Мақа мен Жұмандар базар жақта тағы бір шаруасы барын айтысып, түсте жүрмек боп, әзірше базарға кетісті. Дәмежан шайдан кейін өзінің үш баласын олардың күндегі кәсіп қылған жұмысына жөнелтті. Балалардың үлкені түнде самауыр қойған ұзын бойлы Жұмаш, қасына екі інісін ертті. Олары – он бес жасар Сәлімжан мен он екі жасар кенже інісі – Әлімжан. Шай басында бұлар шешесіне өздерінің үлкен көздерін жалт-жалт бұрып қарай түсіп, сөзге қатынаспаған.

Үндемей ғана отырып астарын ішкен-ді. Кейін шешесінің қабағынан күндегі дағдылы ажарын танып, бөгелместен жұмыстарына жөнелген-ді. Үйде Абай қасында Жәбікен мен Дәмежан өзі ғана қалды.

Әуелі Абайдың бұл екеуінен сұрағаны қазіргі тұрмыс жайлары, кәсіп-қарекеті, әл-ауқаты туралы еді. Дәмежан бар шын күйлерін жасырмады. Төркіні, жақыны, тіпті ағасы санайтын Абайға өздерінің жоқшылық, кедейлік жайын ірікпей баян ете бастады.

Әл-ауқат дейтін шамалары өте шағын екен. Тек қолдарында жалғыз ғана сиыры бар. Дәмежан оның сүтін сатады. Онан соң, осы үйдегі жаңағы үш бала мен әке-шеше бесеуі түгел қарекет етеді. Үш бала биыл көктемнен бері бір кішілеу қайыққа ие болыпты. Сонымен ар жақ, бер жаққа Ертіс пен Қарасудан өтіп, ерсілі-қарсылы жүрген жаяуларды тасиды. Әредікте қолы боста аралдан шөп шауып aп, жалғыз сиырларына жем әкеледі. Аралдың тоғайынан жаз бойы құрғақ бұтақ, қу ағаш жиып, қысқы отын жайын қамдай жүріседі. Үш баласының кісіге сүйенбей, біріне-бірі ілесіп, енді өз беттерімен күнкөргіш табуға шыққандарын Дәмежан мен Жәбікен көп жұбаныш етеді.

– Биыл көктемнен бері он екіге толған соң, жаңағы кіші баламыз Әлімжан да ағаларына ілесіп қайықтың бір ескегін ұстап үйреніп жүр! – деп, Жәбікен де бір сәт Дәмежан әңгімесіне сөз қосып қалды. Сол балалардың күнделеп тапқан азын-аулақ тиындары осы үйдің бүгінгі талшық етіп отырған ішіп-жемі екен. Дәмежан әңгімесінен сол мәлім болды. Оның үстіне күнбе-күн табыс болмаса да, оқта-текте азын-аулық кірісті Дәмежан мен Жәбікен де табады екен. Айтуынша, Дәмежан қысы-жазы тымақ, бөрік, тақия тігеді. Соны Жәбікен базарға алып шығып, сатып отырады. Кейде Дәмежан осы басжатақтағы әлді үйлердің әйелдеріне оқалы жақ шегіп, ішік, кемзал, бешбет, көйлек сияқты киімдерді пішіп, тігіп беретіні бар.

Бұдан бұрынғы жылдарда осы үйдегі бес жанды асырап келген Дәмежанның ғана қолөнері. Бұл маңдағы қазақ көршілерінің әйелдері Дәмежанды аса жақсы біледі. Оның сөзін де, өзін де, әсіресе қолөнерін де сыйлайды. Бұған Жәбікен шүкірлік етіп, Дәмежанға осы әңгімелер тұсында өте жылы қарады. Абай мен өз әйеліне кезек көз тастап, сый қонағының өз қарындасын мақтауын күтіп жымыңдап, көтеріліп қалды.

Абай шынында да Дәмежанды жақсы сөзбен сүйеп, оның өнерін, өжеттігін үлкен жақсылық деп білді. Аналық асыл қасиет деп бағалады. Бірақ өз жайларының бар шындығын Абайдан іріккісі келмеген Дәмежан жоқшылық, мұқтаждық күйін де жасырмақ емес.

– Қысқасы, өзіңіз сұраған соң айтып жатырмыз. Бәріміздің жиылып, тауықша шөкімдеп тауып, тергеніміз тек қана сол ішкен тамақ пен осы үстіміздегі бір-бір қабат лыпаға тақ-тұқ жетіп отырады. Одан арғысын "бар, жоқ" деп қайтейік. Тек әйтеуір кісі босағасына барып, жатқа көз сүзіп, қайыр-мейірін сұрап қол созғанымыз жоқ! Бейнеті көп, берекесі аз өміріміздің шыны осы, Абай аға. Маңымыздағы көршілерімізге, көп кедейге қарап: бізден де кедей бар, бізден де жалаңашы, бізден де қарны ашы бар ғой. Өлмей жүр ғой солар да, дейміз. Еңбегімізді емейік деп, күн-түн бой жазбай сол тамақ, кәсіп соңындамыз! – деп күрсіне түсіп, Дәмежан ойлы жүзбен өз жайын аяқтады.

Осыдан әрі Абай жаңағы айтылған ауру, өлім жайын тағы сұрады. Дәмежан енді бұған шынайы ауыр індет жөнінде біртіндеп отырып, көп танытты.

– Алысты білмейміз, естуімше, ар жақта өлім саябырлау болса керек! – деп Дәмежан тың сөзге ауыса бергенде, Жәбікен қосыла сөйлеп:

– Ар жақтың да анау Затон жағы, шет-шеті көп ауырып тұр деседі.

Дәмежан оның сөзін өз бетіне қалдырды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий