Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Қасымызды, осы бер жақты, мына өзіміз білген айналаны айтайықшы. Бұндайда өрекпіген алып-қаштыдан жаман жоқ!

Абай бұған бас изеді.

– Рас, көргендеріңді, жақын маңыңды айтшы. Осы тұста да індет пен қаза бар ма?

– Бар, сол!

– Бар болғанда жиіліп барады! – деп, енді шешіле түскен Жәбікен Дәмежанға тағы қосыла түсті.

– Кімдер, қане! Кім ауырды, кім өлді? – деп сұраған Абайға бұл екеуі кезектеп отырып, соңғы екі жұма ішінде өлген көршілерін санай бастады.

– Керейбайды білуші ме едіңіз? Ең әуелі соның кәрі шешесі өлді. Одан келсе Садық шал қаза болды.

– Семейбайдың енесі өлді. Жылқыбайдың әкесі, Жұмабектің қатыны, мынау тұсымыздағы Жұбандықтың үш бірдей жас баласы өлді! – деп, балалардың өлімін де Жәбікен еске алғанда, Дәмежан ілесе сөйлеп:

– Баланың өлімі тіпті көп! Мен жаңа ересектерді айтып ем. Нелер көздің ақ пен қарашығындай, біреудің жалғызы, бір үйдің алғаш көрген тұңғышы талай үйде қайтыс боп жатыр.

Абай бұлардың айтуынан апаттың шын ауыртпалығын тани бастап, малдасын құрып алып, Дәмежанға қадала қарап отыр.

– Ал ересек еркек, әйел ше? Қарекет, қайрат адамдары қалай? Олар арасында ауру сирек емес пе? Айтуларыңша жаңағы атаған үйлеріңді білем ғой, тегі кәрілер мен бала жағының шығыны көп пе, қалай?

Бұл сөздерін Жәбікен қостай жөнелді.

– Солай, солай! Осыныңыз дәл рас.

Дәмежан дәл бұған тоқтай қалған жоқ. Ол өзге өлімді еске алды.

– Неге, оны қалай айтасың? – деп, Жәбікенге үлкен жаудыр көздерін жалт еткізіп, ойлана бір қарады. – Сен Бұқпаны, Сапарды, Қайырды, Исабекті қайтесің? Сондайлар тепсе темір үзеді дейтін, атпал азаматтар емес пе еді?

– Е, бәрі де жұмысбасты, ер жанышты титығына жетіп жүрген сорлылар ғой! Мойкада жүн жуғанда, тері жайғанда жүрген, күнкөргішін таба алмай келген аш-арық еді ғой! – деп, Жәбікен үйлері нашар кедейлер жайын еске алды. Дәмежан бұл сөзге бас изеп қостап отыр. – Рас-ау, Абай аға, тағы бір байқағанды айтайын ба? Осы ауруға ашыққан үйлер мен ауыр жұмыстан жаншылып, бейнет басып кеткен еркек, әйел тез ұшырайтын тәрізді. Оның үстіне біреуден біреуге жұғады дейді. Әйтеуір осы қатарымыз құймалас көршілеріміз, бес-алты үйіміз әзірше аман тұр. Соны шүкірлік етіп, балаларды да ешқайда шығармай, көп жандарға қатыспай, қолдан келгенше қымтанып қана отырған жайымыз бар! – деді.

Қазағы көп Слободка деп аталатын бергі жағаның қасында әралуан байлар, ірі саудагер, әлді алыпсатар бар. Солардан шыққан пәлен байбатша, түген қажыеке, байекелер бар.

Үй иелерінің жауаптарына қарағанда аса бір сирек, некен-саяқ болмаса, ондайлардан әзір "пәлен өлді" деген хабар-ошар естілмепті. Енді біразда Дәмежан мен Жәбікен бұл аурудан титықтап, өлімге бет берген кісілердің түс іреңі қандай болатыны туралы айтысты. Індет меңдеткен ауру өң жағынан жаман боп кетеді екен. Дәмежанның айтуынша: көздері шүңірейіп, иек-мұрны шошая береді. Көзінің айналасына, "өлім таңбасы" дейді, бір көкшіл ноқта түседі.

Жәбікен әйелімен екеуі осы қалада жұрт аузына жиналған сөзді сұқтанып, шошынып айтысады.

– Адамның демі суынып кетеді екен.

– Қол-аяқ мүлде тастай боп қалады!

– Сөйлеген үні көрден шыққандай қатты бұзылып кетеді деседі.

– Алды-артында тыным жоқ, ағыл-тегіл ақтарыла береді! – деп Жәбікен тағы бір жайды айтқанда, Дәмежан қабағы шытынап қалды. Бұл сөзді бастырмалата: – Адамның шөлі қанбайды, тек сусын-сусын, дей береді екен. Не керек, әлгі ақырзаманда кебінін оранып, көрден шығып отырады деседі ғой молдалар, сондайлардың кебі көрінеді, адам басына түскен пұшаймандық! – деп бар жайды аяқтай берді.

Осы кезде бұлардың үстіне, Баймағамбетке бастатып Федор Иванович Павлов келіп кірді.

Абайдың мол денесі өте шапшаң қозғалып, отырған орнынан атып тұрды. Күткен қонағын қуанып қарсы алды. Федор Иванович үндемей құшақ жайып кеп, сүйісіп амандасты. Абайдың қолын ұзақ сілкіп, қатты қысты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий