Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Мухтару Ауэзову удалось раскрыть истинный образ писателя Абая, который оставил грядущим поколениям духовное наследие народа. Мухтар Ауэзов – великий мыслитель, он смог передать целую историю о жизни Абая. Чингиз Айтматов говорил: «Когда я еду в другую страну и переступаю порог других людей, есть два рода сокровищ, которые я всегда лелею и лелею с собою: одно — «Манас» и другое —Мухтар Ауэзов».

Путь Абая. Книга IV / Абай жолы. IV кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұл сөзді естіп қалған соқыр қари мен Самұрат мәзін қатарынан үн қатты.

– Астағфиралла, астағфиралла!

– Сіз күпірлік етесіз, да молда!

– Исламиятқа хилаф сөз! Қайтыңыз райдан! Қайтып алыңыз ғайыплы сөзіңізді! – десті.

Бұл жай Сармолланың ең әуелгі демінен-ақ дін басылармен шиеленісе, шекіме сөйлесуіне себеп болды. Сармолла осыдан соң бар жиынға естіртіп, суырылып, шапшаң сөйлеп кетті. Қатты, қатал жайларды үсті-үстіне айта жөнелді. Бұнда отырған өңшең діндар қауымның көбіне мүлде тосын және құлақ түршіктіретін оқыс сөздер айтылып жатыр.

– Үндемеуге мүмкін емес. Хаста күшейіп, қаза көбейіп, махалла халқы қалың апатқа ұшырап барады. Кемені толқын ұрып, бар қауым ғарқ болар халетке жетсе не істер еді? Әрбір заманның өз дағуасы бар. Бұл оба науқасы – жұқпалы ауру. Соған көре жаназаны, фидияны, хатімді, өлген адамның үйінен ас ішуді, жетісін, қырқын беруді қазіргі күндерде мұтла басқаша ету керек. Ауру тарамас үшін, көпшілікке фәләкәт жетпес үшін, енді жаназаны, хатімді, хатта барлық басқа хәрәкәтті азайтып, мұтлақа өзгертіп, ада қылу лазым. Осыны махалла халқы білсін де тұтынсын! – деп тоқтады.

Бұл сөздерге жарыла жаздап, жерге түкіріп, бәддұғасын ішінен оқып, тулап отырған жаңағы қари мен мәзін қатар дүрсе қоя берді.

– Сіз, жаназа қалай болсын дейсіз?

– Хатім қалай болсын дейсіз?

– Жамағат жиналмасын, мұсылманшылық қарызын ада қылмасын дейсіз бе?

Сармолла бұларды тыңдап болып, салқын қабақпен, қысқа, қатаң жауап берді.

– Жаназаға бір ғана дін ұстазы барсын. Хатімді бір ғана адам жасасын. Ac ішу болмасын. Жаназа, фидия, хатімге босқа барып, текке үнсіз отырып, ақша, пұлды түпсіз терең қалталарына жітіре беретін қарилер, мәзіндер тоқталсын! – деді.

Өзінің екі дұшпаны – соқыр қари мен Самұрат мәзінге бар сөзді әдейі қадай сөйлейді. Егесе түсіп:

– Әрбір адам өлген үйге бара бермесін, ауру таратпасын, одан да инсап ойласын! – деп қызына түрегелді.

Мәзін мен қари де орындарынан атып тұрысты. Айғайлауға мұршалары болмаса да ұрса сыбырлап, бүліне күбірлеп кетті.

– Сіз діннен шығарсыз!

– Сізге шариғат хүкімі керек!

– Сіздің күпірлігіңіз хадден асқан.

– Астағфиралла, не дейді?

– Нәмәрт! – десіп, Сармоллаға арналған ыза мен кек қайнай бастады.

Ал бұлардан басқа намазға келуші көпшілік Сармолланың сөзін үлкен ықыласпен аса ден қойып тыңдағандай болды. Мәзін мен қаридің ашулы сөздерінен бет бұрып, ол екеуіне сырт беріп, Сармолланы қоршай берісті. Осы кезде шеткі отырған бір-екі қартаң адам "хазірет, хазірет келеді" – десіп орнынан тұрысты. Енді бар жұрт тез ғана сөздерін тыйды. Мол, ақ сақалды, қолына ұзын аса таяқ ұстаған, басында үлкен сәлдесі бар. Аяғын аса ақырын, әлсіз басқан дінбасыны жиын түрегеп қарсы алды. Намазға ден қойып, мешітке кіріп келе жатқанда да жаңағы қаридың, мәзіннің кеуделеріндегі ыза мен өштік өрттей болатын. Қаталдық пен кекшіл ашу, тегі, мінәжат үйіне діндар адамзат алып кіретін пәлекеттер емес еді.

Бірақ сол қари сол қалпында-ақ ястау намазының соңынан құран оқи жөнелді. Осы махаллада бүгінгі күн қаза болған мұсылмандарға арнап "ясин уәлқуранул хаким" – деді көзін жұмып. Бұхар мақамына салып, ұзын сүрені жатқа созып отырды. Бірақ бұрын өмірі жаңылып көрмеген соқыр қари сүренің бас жағын оқи отырып, Сармолланың жаңағы сөздерін ызалана еске алған еді. Ойы сәл соған бөлінгенде аузы сүреден жаңылып кетті. "Ләтунзира каумән мә унзира" деген тұста "каумәннің" орнына "қалан" – деп қалды да, айнала халфе-шәкірт, мәзіндердің қатарынан жөткіріп, қозғалақтап қалғанын аңғарды. Өзі де ырғала түсіп, тамағын қайта-қайта кенеп, ішінен Сармолланы оқтай атып, "кәззәп!" деп те қалды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий