Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ол кісеннің сылдырынан селк ете қалды. Орнынан тұрып жан-жағына қарады. Алды – шымырлаған қаракөк иірім, арты – жарқабақ. Иірімде балық шоршиды. Жарқабақта құрқылтай ұшып жүр. Жарқабақ құрқылтайдың ұясынан шұрқ тесік. Өзен бойлап өскен нар қамыстың үкілі басы тербеледі.

Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ мамырлаған дүние. Түрменің іші емес мыңғырған Мықан бойы. Бала иірімге салып отырған қармағын тастай салып, жан-жағына қарап осыған көзі жеткен. Бірақ әлгі кісен сылдыры...

Үкілі қамыс, көк құрақ, жасыл жыныс – жақсылықтың ордасындай, армандардың үміттердің аралындай тербеліп, сыңсып, сызылып тұр. Арасынан жылт-жылт етіп зымырап шымшық көрінеді. Балық аулап отырған баладан сүйінші сұрайын десе, бата алмағандай қыбыжықтап жүрген майда мақлұқ. Дәл қарсы қабақтың етегінде бір шоқ сары сәмбі мұңайып тұр. Шашын жайып жіберіп, суға телміре қарап, өзен түбінен әлдекімді зарыға күткен сұлу келіншек сияқты. Өгей шешесі Ізбайша кейде осылай отырар еді... Сәмбінің солқылдақ нәзік бұтағының дәл ұшына құрқылтай ұя байлапты. Суға тиер-тимес ілініп тұр. Титтей құстың да жауы көп. Содан қорқып, кеуек аспан астынан іздеп тапқан жері осы. Күндіз қарақұстың, түнде үкінің көзінен таса, жіңішке жіптей бұтамен жылан да жорғалап жете алмас. Құрқылтайдың балапанын сөйтіп, салқын судың сарыны әлдилеп, солқылдақ сары сәмбі тербетіп өсіреді.

Үкілі қамыстың көк қияқтары біріне бірі сүйкеніп, бірін бірі сипалап, сыңсып тұрады. Жайқалған жасыл құрақ кезінде аймаласып қалуға асыққандай, құшақтасып, қауышқан қамыс әуенінде айтылып болмас арман, сарқылып бітпес сағыныш бардай. Осы сыңсыма әуен де мына баланың сағынышын маздатып жіберген сияқты.

Кісенін сылдырлатып көкесі келіп қалғандай көрінді оған. Үкілі қамыстың арасынан қазір шыға келетін сияқты.

Көкесінен көз жазғалы жылға жақын. Бір күн есінен шыққан емес. Оянса – ойында, ұйықтаса – түсінде. Көкесін күтумен өткен күндер – баланың кішкентай жүрегіне сағыныш тамыр байлаған күндер еді. Бұл тамыр өмір-бақи қиылмас, оны ешкім Тұрардың жүрегінен жұлып тастай алмас. Көкесін сағыну Тұрар үшін мүддені, мақсатты, жақсылықты сағыну қасиетіне айналды. Дүниеде не сирек болса, адам соған зар. Жан-жағың толған жамандық, жақсылық некен-саяқ. Адам сол азды іздейді. Бір қап құмның арасынан бір киыршық алтын іздегенмен пара-пар, әбігер әрекет.

Кісен тағы сылдыр ете қалды. Тұрар енді аңғарды: қамыстың ар жағында, ажырықта жайылып жүрген мама бие екен. Қырғызбайдың дәу торы биесі кісендеулі болатын.

Түн ішінде айдалада адасқан адамға жақындап келген бір сәуле қайтадан алыстап, алдап кеткендей болды. Көкесі келмепті. Кісені сылдырлаған кәдімгі торы бие екен.

Сонда сағыныш кеудесін бұрынғыдан бетер керней түсті. Дауыл соққанда сықсима шырағдан сөніп қалады да, қауға тиген өрт өрши түседі. Көкесін мұншама жақсы көрмесе Тұрардың көңілі суып, бірте-бірте әкесіздікке ет үйренетін кезі де болды. Ал мұның әкеге деген алау сезімі күн өткен сайын асқынып бара жатқандай.

Баланың Алматы абақтысынан қашқанына жылға жақын уақыт болды. Бірақ миына сіңіп қалған дағдыдан әлі арыла алмайды. Темір сылдыр етсе, кісен сылдырлағандай көрінеді. Тәуірірек киінген адам кездессе – Саймасайдың жақындары сияқтанып елестейді. Пагон таққан, қылыш асынған ұшырасса – Приходько мырзаның жұмсаған жендеті екен деп қалады.

Ара екеш араға дейін масаңдап, мамырлаған көктем. Құрқылтай жерге түспей, шексіз кеуек аспанды шарлаған көктем. Ал бала қанша кеңістікте тұрса да, қос өкпесі әлі қысыңқы. Аяқ асты аңдыған жау анталап тұрғандай, үрей-дағды дамылдамас.

Кеше Мықан ауылына Меркеден екі салт атты келді. Бірі қазақ, бірі орыс. Түрлеріне қарағанда әкімдер сияқты. Мұны жұрттан бұрын байқаған Тұрар үйдің сыртын айналып, өзен бойындағы үкілі қамыстың арасына барып, «әліптің артын бағып», ну арасынан сығалап қарап тұрған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий