Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Ал сапарларың қалай болды? Не көріп, не білдіңдер? – деп Жандосов меймандарын әңгімеге шақырды. - Дағыстан қандай екен?

– Дағыстанды түгел аралаған кім бар,тек Гунибтен қайттық, - деді Рысқұлов. - Шәмілдің орыстармен соғысқан жері.

– Е, батыр бабама барып қайттым де. Сонша жерден іздеп барғаныңа аруағы риза шығар.

– Аруақ сезер - сезбес, бірақ өзіміз өкінбейміз. Солай ма, Әзизаш?

Әзиза жүзін төмен салып, басын изеп қойды.

– Қорықмасовты білесің ғой, естуің бар шығар. Ұлты құмық. Өте алғыр жігіт. Сол ғой қоярда-қоймастан алып барған.

– Дағыстанның Шәмілі болса, біздің Кенесарымыз бар. О да Шәмілден кем соғыспаған, -деп Жандосов қозғалақтап қойды.

– Кенесарыда бір кемістік бар, кемістік қана емес-ау, таудай күнәсі бар. Тыныш жатқан қырғызды бекер шапты, - деп Рысқұлов тұнжырап қалды. Сол патша әскерімен шайқасқан қалпында қалғанда, ол Шәмілдей ұлы болар еді. Өз қандасы - туысқан қырғызға қырғын салғаны - жазылмас жара. Қазақ пен қырғыздың туыстығына, тұтастығына дақ түсірген сызат. Ұрпақтар ұмыта алмас ұят жұмыс болды.

– Оның рас, Тұрар. Өзің білесің, біздің елдің малшылары жаз жайлауға шыққанда, қырғыздың қойшыларымен қоңсы отырады. Қой сойып, қымыз сапырып, бірін-бірі қонаққа шақырады. Ат шаптырып, көкпар тартып, той-томалағын бірге өткізеді. Сондай бір тойда, бір аңқау қазақ, қымызға қызара бөртіп отырып, қойдың тоқпан жілігін мүжіп болып:

– Қырғыздың қойының жілігі қырғыздың жерінде жатсын, - деп иығынан асыра лақтырып жіберіпті. Абайламай сөйлеген ауырмай өледінің кері ғой енді.

Сонда бір қырғыз отырып:

– Е, қазақ туған, өз қойымыздың жілігі не қылар дейсің? Бұ қырғыздың жерінде қойдың жілігінен де ауыр сүйектер жатқан жоқ па?! - депті.

Рысқұлов басын шайқап отырып қалды. Әйелдер жағы бүл сөзге түсінбеді. Фатима:

– Ол не екен сөйтсе? - деп сұрады.

– Не болушы ед. Кенесары мен Наурызбайдың сүйегін айтады дағы, баяғы.

– Ал енді, - деді Рысқұлов шыны аяқтан шәй ұрттап, - осы оқиғаға байланысты біздің кейбір ағайындар Сыпатай батырды айыптайды. Бекер-ақ, Сыпатай Кенесарының о бастағы ниетіне қосылып, қостаған. Кенесары о баста қырғызбен соғыспаймын, қырғызбен қосылып, орыспен соғысамын деген ғой. Бірақ айтқаны бола коймай, патша әкімдерінің ықпалынан шыға алмаған қырғыз манаптары Кенекеме қол ұшын бере қоймаған. Ақылды ашу жеңіп, Кенесары қырғызды қыра бастағанын керіп, қатыгездігінен шошыған Сыпатай:

– Хан ием, сен ертең Арқаға қайтып кетесің, ал мен осында қаламын. Мәңгілік көрші, туысқан халықпен қан төгісіп, өмірбақи жауласып өтер жайым жоқ. Біз қырғызбен туыспыз, әрі іргелес отырған елміз. Мен қолымды алып кетемін, хан ием. Хош! - деген ғой. Сөйтіп, он мың қолды кері алып кеткен. Бұл сатқындыққа жатпайды, үлкен адамгершілік, бейбітшіл қасиетке жатады. Осыны түсінбей, жалған намыстың жетегінде жүрген, кәдімгідей оқыған азаматтарды көргенде, жаным күйеді.

– Ондай – ондай қаңғырма қаңқуды мен де есіттім,- деп қостады Жандосов,- Әрине, Кенесары аса ірі қайраткер. Ол ұмытылмайды. Бірақ бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні тағы бар ғой. Ол да бір жаралы жолбарыс қой. Алдырған албырт. Зеңбірекке найзамен, садақпен қарсы шыққан Жалаңтөс батыр ғой. «Жалаңаш барып жауға шап, бір Алла өзі біледі ажалымыз қайданды» деген екен баяғыда бір ақын. Мен кинодан көремін. Америкадағы үндістер зеңбірекке қарсы садақ атып соғысады. Дәл біздің қазақтар сияқты.

– Мен ондай соғысқа 1916 жылы өзім қатысып, Мерке түбінде өз көзіммен көргенмін. Кеше Гунибте болғанда, Шәміл соғысқан аңғарларды көргенде, сол Мерке шайқасы есіме түсті,- деп қалды Рысқұлов. – Әттең, шіркін, адам жүз жыл жасайтын болса, одан кем болмаса. Сонда мен Меркеде қаны судай төгілген қазақтарға ескерткіш орнағанын көрер ме едім? Кеше Гуниб тауының басында тұрып «Дәл осы жерде Шәміл шайқастарына арналған панорамада ескерткіш тұрар ма еді, - деп ойладым. – Бір жағында генерал Ермоловтың әскерлері, бір жағында Шәміл сарбаздары.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий