Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бір арқанмен байлаулы тұрған Сейтен мен Ожардың тұсынан «қош, қос арыс!» деп шұбырған көштің ең соңғы шоғыры өте берді. Ожар тағы да ойлана қалды. Іштегі қуаныш сыртқа шығуға дайын тұр.

«Менің бұлай қолға түскенім дұрыс болды. Аз уақыттың қорлығы әлі-ақ ұмытылар. Ал қиянатымды білсе мына жұрт...»

Он шақты сыпай көшті айдап, Баянауыл жаққа кетті де, қалғандары байлаулы Сейтен мен Ожарды алып Омбыға тіке тартты.

Бұлар үш күннен кейін, Баянауыл округінің Сібірмен шектес Төрткөл болысының жеріне жетті. Қаз-үйрегі сыңсыған, әлі де шалғыны қурап сембеген бір ауылға келіп түнемек болды. Бұл осы маңның ел ағасы Бектас баласы Таймастың аулы екен. Таймас ұзын бойлы, денелі ақ сары кісі. Қаржас руына жиен. Айдалып келе жатқан Сейтен мен Ожарды көріп ауылдың құты қашып, әбігер болды да қалды. Түстері суық, қисық қылышты, шошайған мылтықты солдаттар ауыл үстінен ат ойнатып зәрелерін ала түсті. Бойын қорқыныш билегенмен жұрт ебін тауып, Сейтенге келіп амандасып жатыр. Көптен бері ұйқы көрмегендігінен бе Сейтеннің үлкен қоңыр көздерінде таусылмас қайғы-шер күлкілдеп тұр. Екі қолы артына мықтап байлаулы, үстіндегі ақ жібек мол көйлегінің жағасы дал-дал, әр жерінде баттия жабысқан қызыл қан... Қолға түскеннен кейін ұрған болулары керек, қомақты жұлынған омырауының ашық жерінен кеудесінің көк ала еті көрінеді.

Кешегі ел-жұртының қамын жеп ақ патшаға қарсы шыққан адамның бүгін мұндай сұмдыққа ұшырауы Таймастың жан сезімін өртеді. Оның мұндай күйге түсердей не жазығы бар екенін білгісі келді. «Барлық айыбы жұртына қамқор болғаны ма? Ақ патшаның тегеурініне көнгісі келмегені ме? Егер бар күнәсі сол болса онда мұндай мүсәпірлікке ұшырайтын жалғыз Сейтен ғана ма? Аң да, құс та өз інін, ұясын қорғайды. Адам неге өйтпеуі керек? Өз мекенін, өз жерін неге қорымасқа? Сондай бір әділ қылығың үшін де айыптысың ба? Жоқ, айыпты емессің».

Таймас Сейтенмен қанша сөйлескісі келсе де реті түспеді. Тұтқынды қалт етпей күзеткен сыпайлар жуытпады. Лебедев пен Шыңғыс екеуі ауыл төңірегіне де, Ожар мен Сейтен жатқан үйге де сақшы қойды. Өзге сыпайларын да алыс-

қа ұзаттырмай сол маңайдағы көрші-қолаңдардың күрке, лашықтарына орналастырды.

Түн жылы еді. Лебедев Таймасқа өз үйінің іргесіне төсек салып жатуға рұқсат етті.

Түн тастай қараңғы. Үстіңнен түйе жүн қалың көрпе жауып қойғандай тымырсық ыстық сезіледі. Қобалжи тынышталған ауыл мызғымас бір өлік тәрізді, тек анда-санда қаңтарып суытып қойған сыпай аттарының пысқырғаны мен күзетшілердің еміс-еміс күбірі естіледі. Басын шырмаған алуан ой, қанды ай-

қаста қолға түскен мынау Сейтен мен Ожардың аянышты халдері мазалап, Таймас көз ілмей дөңбекшумен болды.

Кенет құлағына бір күйзелген, күңіренген қоңыр дауыс келді. Таймас тыңдай қалып еді, бұл — «Елім-ай» әуенімен зар-өлең айтып жатқан Сейтен екенін білді. Таймас тына қалды. Енді Сейтен салған ән сөздері айқын естілді.

Қош аман бол, кең жайлау, өскен жерім,

Қайтқан қаздай қалың ел көшкен жерім.

Есіл қазақ есейіп ел бола алмай,

Ит пен құсқа таланып өшкен жерім, —

деп күңіренеді ол.

Сейтен тағы да айтпақшы еді, Ожардың сәл ашулы даусы оны бөліп жіберді.

— Сейтеке, ішке сыймай бара жатыр ма күйігіңіз?..

Сейтен қолға түсер сәтте көзі көрмесе де, даусын шырамытып, өзін байлағандардың бірі Ожар деп ұққан. Бірақ оның да мұндай күйге түсіп, өзіменен бірге айдалынып келе жатқанына таң қалып ол ойынан қайтқан. «Япырмау, бұған даусы ұқсас кім болды екен!» деп басы қатқан. Әйткенмен күпті көңіл ырық бермеді, сөз тартып сыр ашқысы келді. Енді ол алыстан орағытып сөзге кіріскен:

— Ожар, айтылмаған өкпе — іште жатқан Ескендірдің қос мүйізімен тең...

— Шер тарқатар уақыт болар әлі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий