Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дегенмен, жау ниеті де өз дегенінен шыға қоймағандай. Ұйқыдағы сарбаздардың тең жартысының аттары босатылып, кейбіреулерінің оң үзеңгілері алынып қалған кезде, түсінен шошып оянған жас жігіттердің бірі сұмдықтың болғанын бірден аңғарды. Қараңдаған кісілерді көріп:

— Жау келді! Жау келді! Аттан! Аттан! Сейтен аға! — деп құлындағы даусы құраққа шығып жар салды. Барымта, шабуылға үйренген жұрт орындарынан атып-атып тұрды. Таң қылаң беріп қалған кез еді, қалың қамыстан қуғынға жіберілген қырық-отыз салт атты сыпайлар да шыға келді. Шаңқ-шұңқ еткен білте мылтықтың даусы естілді. Үрген ит, жылаған бала... Атылған мылтық... «А, құдай, өзің сақта» деп үріккен, қорыққан дауыстар жан-жақтан үрейлене жамырай, жаңа ғана ұйқыда жатқан бейқам көш азан-қазан болды да қалды. Кенет:

— Алға, жігіттер! — деген қатты үн шықты, Сейтеннің есік пен төрдей тоқпақ жалды қара көк айғырын ойната Ожар өзгеден бөліне берді. Басында орамал, білегін сыбанып алған. Қолында жалаң қылыш, шабатын қасқырдай екі көзі оттай жайнайды.

— Өлсек шәйітпіз, өлтірсек бәйітпіз, — деді ол тағы да күшті дауыспен, — кәне, еріңдер соңымнан!

— Ожар! Баста, Ожар! — деді аттарына мініп үлгірген кей жігіттер.

Ожардың қасына шоғырлана қалған, тастай түйілген шағын топ «А, құдай!», «Аруақ!», «Айдабол!», «Қаржас!» деп біріне бірі ұрандаса жел беріп, сойылдарын көтере, қарсы жаққа лап қойды. Алдарында Ожар. Бірақ ол қарсы шепке жетер-жетпестен атының жалын құша құлады.

Мылтықтың суық үніне үйрене қоймаған есіл ерлер, қолбасшыларынан айрылған соң бөгетке келіп қарқыны басылған толқындай, жау шебіне таяй түсіп шашырана тоқтады. Кейбіреулері аттарының басын бұрып алып, кейін қарай шапты. Қылышын көтеріп үстіне төніп келген қуғыншы жағының екі жауынгеріне, жерде домалап жатқан Ожар зекіп:

— Түсіңдер аттан, иттің балалары! — деді. — Байлаңдар тез менің қолымды! Апарыңдар тез Сейтеннің қасына... Қалаға таянғанда босатарсыңдар, елден шыққанша бірге ұстаңдар!

Ожардың қолын артына байлап, у-шу болған жұрттың қақ ортасымен, бір шетте тұрған Сейтенге апара жатқанда ол әлдекімнің:

— Арманда кеттіңдер-ау, қос арысым! — деген күңіренген даусын естіді.

Ожар аңқау елдің бетіне қарауға жүзі шыдамай, аяғын шалыс басып өте берді... Таланған, шабылған көш, жүнін жұлған тырнадай боп бар сәнінен айы-рылды. Енді кейін қайтарылмақ болды.

Суық мылтықты, кәрлі қылышты әскер жасағын басқарып келген есаул Лебедев ысқыра қамшысын үйіріп, қасқыр шапқан қойдай ұйлығып қалған жұртты кең алаңға жинады да, жанында тұрған Қоңырқұлжа аға сұлтанның кіші баласы сары ала түймелі Шыңғысқа жирен мұртын тікірейте ежірейіп:

— Қайда қашып құтылмақ? Сұра мына шалдан, — деді бағанағы көш бас-

қарған инабатты ақсақалды көрсетіп, — патша ағзам жарлығынан құтылу, ажалдан құтылумен бірдей.

— Біз айыпты емеспіз, — деп ақсақал жауап беріп, төмен қарады. — Үйірден саяқ қана бөлек жайылады. Өзен қайда құйса, тамшысы да сонда құяды.

Тілмаш ашуланып қалды. Сөйтсе де сыр білдірмей:

— Алтын, Алтай, Тоқа, Уақ босты деп сендер де босқыларың келді ме? Азғырғанға еріп азайын дедіңдер ме? Саржан сұлтан ту көтергелі, жұрт та ат үстінен бір түскен жоқ. Қанша ауыл қырғынға ұшырады. Тоқтайтын уақыттарың болған жоқ па, кілең есуас?

Шал ауыр күрсінді.

— Жаңа өзің айттың ғой, Алтын, Алтай, Уақ, Тоқа ана жаққа кетті деп. Сынықтан бөтеннің бәрі жұғады ғой. Олардың үлгісімен өзгелер де киімін пішпесін қайдан білесіңдер?

— Сонда ақ патшаға, аға сұлтандарға қояр кінәларың қандай?

— Шырағым, ел тыныштығын жоғалтқан бір аласапыран заман болып кетті емес пе, — деді ақсақал уһілеп, — жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесе мұсылман діннен шығады. Біз бір мал баққан момын елміз. Ауыл үстінен атылған мылтық тек қана жылқыны үркітпейді...

— Ол мылтықты атқыздырып жүрген өздерің емессіңдер ме?

— Сонда бізге қой болып қырыл демексің бе?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий