Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Өгей елден, қайран жұрт, не табасың?

Шықпай жатып бесіктен қайғы торып,

Сарғалдақтай жаңбырсыз қалған солып,

Қайда барсаң алдыңда Қорқыт көрі,

Неге тудық бақытсыз халық болып.

Қыз баланың әні Сейтеннің көкірегін тырнап жатқан тәрізді, қабағы салбырап тұнжырай түскен. Егер ән бұдан әрі созылса сонау артта қалып бара жат-

қан туған жеріне деген қасіреттен жүрегінен қан тамшылайтындай көрінді. Осы бір бұлқан-талқан болып келген күйікке шыдай алмаған Сейтен «тоқтат!» деп қолын көтерді, қыз әні пышақ кескендей үзілді.

Енді көш шұбалаңдамай, алды-артын жиып, көлді ығыстай таяп келеді... Алдарында жазық алаң, одан өтсе, арада қол созым жерде өздері қашып бара жатқан өгей өлке.

Сейтен бірдемеден сескенгендей атының басын тартты. Алдынан көлмен қатарласа созылған қалың қопа қамыстың өздері беттеген көз жетер-жетпес бір тұсынан, әлдене қараң ете түскен тәрізденді. Көзі қанша қырағы болса да не екенін анық айыра алмады. Аң дейін десе, кісі бойы қамыстан қалай көрінеді? Адам дейін десе елсіз қалың қопаның арасынан не таппақшы? Ұры-қары дерлік, бұл ара қара жолдан шалғай... Әлде бұлардың ізін аңдыған жау ма?

Сейтеннің көңіліне күмән кірді. Бірақ Ожар оны бұл күдіктен ада етті. Сейтен көргенді бұ да көрген екен.

— Сейтеке, — деді ол атын тебініп таяй түсіп, — көшті жинақы ұстамаса болмас. Бұл Мың арал қойнауы қорқынышты. Қабан да, жолбарыс та бар десетін. Жаңа байқадыңыз ба, әне бір тұстан жүгірген қасқырды?..

— Мен адам ба деп едім.

— Бұл араға адам қайдан келсін. Мен анық көрдім. Қасқыр. Сірә қоян қуып жүрген болуы керек, секіре жүгірген түрі сойқан.

— Қасқыр болса қасқыр шығар. Жассың ғой, анық көрген болсаң...

Енді көш бұрынғысынан жинақы жүрді. Сойыл, шоқпар ұстаған қарулы жігіттер жан-жағынан қоршап, мал біткенді ортаға ала, шашау шығармай, тұтаса түсті. Тек түн ортасы ауған кезде, жағасы атты кісі көрінбес қалың анақурайлы Баскөлдің тұсына келгенде ғана:

— Осы арада азырақ көз шырымын алдырсақ қайтер еді, Сейтеке, — деді Ожар. — Қатын, бала әбден қалжырады, жігіттердің де кейбіреулерін ат соғып тастағанға ұқсайды.

— әлі де жүре түссек... Қонуға бір қауіпсіз алаң таппасақ болмас.

Көшке бұл өңір мүлде бейтаныс. Жолды қан-сөлсіз сұр бетті, шілтиген Сәмен ғана біледі. Жөн көрсетіп келе жатқан да сол.

Ол Ожарға бір көз тастап, Сейтенге қарады.

— Мұндай жедел жүріске жұрт шыдар емес. Ат шалдыруға да осы ара дұрыс. Бұдан әрі шалғын азаяды да қамыс-қурай көбейеді.

— Айтқандарың болсын... — Сейтен өзі бірінші боп аттан түсті. — Жұрт таң сыз бергенше көз шырымын алсын... Ал біз кезектесе күзетелік.

— Мақұл.

Түйелер шөгеріліп, арбалар доғарылып, жұрт дабырлай орныға бастады.

Сейтен жанына топырлай жиналған серіктеріне:

— әр қарауыл бір бие сауымдай уақыт көшті айнала жүреді. Алғашқы кезек өзімдікі, — деді. — Менімен бірге қайсың қаласың?

— Мен.

— Мен.

— Мен.

Зор денелі үш жігіт топтан бөлінді.

— Сізден кейінгі кезек менікі, — деді Ожар.

— Жата бер. Бір таңға шыдармын!

— Сіздің әрқашан да тың болғаныңыз жөн. Біз секілді жастарға түнгі күзеттің өзі де бір қызық дәурен ғой.

Сейтен жауап бермеді. Жұртқа:

— Ал ұйықтаңдар! — деп, қарауыл жігіттерін ертіп, бөлініп шыға берді.

Аздан соң жол соғып қалжыраған жұрт қатты ұйыға кетті. Сайдың тасындай ер жігіттер шоқпарларын бастарына жастанып, сойылдарын жандарына жатқызып, жүйріктерін белбеулеріне байлап, көштің ішіне шашырай орын алды. Әрі-беріден соң әр жерден қорылдаған, пысылдаған дыбыстар естілді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий