Knigionline.co » Казахские книги » Запах полыни / Жусан иісі

Запах полыни / Жусан иісі - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Запах полыни / Жусан иісі» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

В рассказе «Запах полыни» автор передал жизнь народа после войны. Главные герой рассказала подросток, у которого отец и брат были на войне, матери не было, а единственная бабушка умерла. Автор передал переживания и душевную боль… Это произведение расширило горизонты литературы Казахстана.

Запах полыни / Жусан иісі - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Төңірек тегіс үрейге толатын. Құз жақтан соққан суық желдің ызыңы неше түрлі боп құбылып естілетін. Бірде сыңсып, бірде ұлығандай үн келетін құлаққа… Біз әр дыбысты қалт жіберместен үрпиісіп, біреу «а!» десе, «ойбай», «аттанға» бірдей салып тым-тырағай зытуға дайын отыратынбыз.

Ғажап ертегілер!.. Біз бір кештің өзінде ұзындығы екі қарыс «темекінің» екі-үшеуін тауысатынбыз. Ақыры қолымыз темекі орауға икемге келмей, тісіміз-тісімізге тимей сақылдап тоңатынбыз. Бірақ Аянның

ертегісі таусылмай ешкім тырп етпеуші еді. Танауымызды қос-қосынан тартып қойып, шөп қуысына тығыла түсетінбіз.

Ертегі біткен кезде ғана «уһ» деп еркін тыныстап, құрыстап қалған бойымызды жазып, керіліп-созылып, жетім баланың бақытқа кенелгеніне шын жүректен қуанатынбыз…

Кей күні Аян сирек тістерін көрсете отырып, жымың-жымың күліп қойып көңілді, күлдіргі ертегілерді бастайтын. Ондайда біз қыстың сай-сүйектен өтіп дірдектеткен ызғарлы суығын ұмытып, ішекті түйнеген күлкіден қиқылдасып-шиқылдасып, көзіміз бен мұрнымыздан сорамыз бірдей ағып, әрқайсымыз әр жаққа ішімізді басып домалайтынбыз да қалатынбыз. Ол күнде біз бұ дүниеде соғыс дегеннің бар екенін, әрқайсымыздың әке-ағаларымыздың алыста - сонау батыста жауған оқтың астында жүргенін де естен шығаратынбыз.

- Аян, тағы да. Енді осылай тағы бір ертегі айтшы, - деп тұс-тұстан жалынатынбыз оған.

Бірақ Аян бір түнде бір ертегіден артық қалай жалынсаң да айтпайтын. Орнынан тұрып, үстін қағып:

- Түн ортасы боп қалды ғой, жетер енді, - дейтін салмақтана сөйлеп, - сендер қызықсыңдар, бір күннің ішінде екі ертегіні ойлап шығару оңай дейсіңдер ме?! - деп қоятын онан соң.

Біз ертегілердің бәрін Аянның өзі күнделікті ойлап шығаратынын білсек те, оған пәлендей мән бермеуші едік. Бар білетініміз: Аян күнде неше түрлі ертегілерді ойлап кеп, кешкілік бізге айтып беруі керек, ал біз ұйып отырып тыңдағанды ғана білеміз. Ертегі ойлап шығару оңай ма, қиын ба, ол жағында еш шаруамыз жоқ. Тіпті ол жағын сөз ете қалғанның өзінде де, «Аян ғой күн сайын бір ертегі ойлап шығарады, ендеше ертегі шығару қиын да емес шығар, тек басқамыз ертегіні қалай құрастырудың әдісін білмейтін болармыз», - деп түйетінбіз. Ал ол нендей әдіс, ол жағын қазбалап ойлай түсуге не өреміз жетпейтін де, не мойнымыз жар бермейтін. Таң атқаннан күн батқанша салп-сұлп етіп, көшенің аяғынан басына дейін шана сүйретіп сырғанақ ойнауды ғана білетінбіз. Кешкісін тесік пималарымыз бен сырма шарықтарымыз зілдей боп, шылқылдап су өткеніне қарамастан, ат қораның төбесіне тартатынбыз…

Алғашқы күндері күндізгі ойын кезінде Аянға шанамызды кезекпе-кезек сырғанауға беріп жүрдік те, келе-келе шетімізден сараңси бастадық. Қызық ойынның үстінде шанаңды бір жолға болса да біреуге беріп қойып,

өзің сырттай қарап тұрғанға тағатың жетпейтін. Сондықтан ендігі жерде Аянға шана күніне бір рет қана тиетін, онда да ойынның қызуы бәсеңсіген шақта барып біреуіміз:

- Мә, Аян, бір рет теуіп кел, - деп оны мүміркегеннен амалсыз бергендей болушы едік.

Аян да енді бұрынғысындай шанаға отырғанына қуана даурықпайтын. Қызараңдай күлімсіреп кеп шананы қолыңнан именшектеп алатын да, бір сырғанап кеп қолыңа беретін. Онан соң сары тонының омырауына тұмсығын тығып, суық сорған өңі көкпеңбек боп бозарып, біздің ойынымызға қарап шетте үнсіз состиятын да тұратын. Тек Бапайдың кемпірі:

- Әй, Аян, қайдасың?! Анау сиырды байла! Қаз-үйректі қама! Биені суғарып шөп сал! - деген кезде, бізге жалтақтай қарап үйге кететін, едәуір уақыттан кейін қайтып оралатын.

Оның асыға күтетін шағы - күннің ұясына қонуы. Күн ұясына қонды дегенше-ақ жүзі жадырап сала береді.

- Ал, жүріңдер, мен кешегіден де қызық ертегі айтамын, - деп еліктіре жөнеледі.

Кейде ертегі тыңдауға ол күндіз де шақыратын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий