Knigionline.co » Казахские книги » Запах полыни / Жусан иісі

Запах полыни / Жусан иісі - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков

Книга «Запах полыни / Жусан иісі» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

В рассказе «Запах полыни» автор передал жизнь народа после войны. Главные герой рассказала подросток, у которого отец и брат были на войне, матери не было, а единственная бабушка умерла. Автор передал переживания и душевную боль… Это произведение расширило горизонты литературы Казахстана.

Запах полыни / Жусан иісі - Саян Муратбеков / Сайын Мұратбеков читать онлайн бесплатно полную версию книги

Біздің ауыл Ешкіөлмес деген кішкене қоңыр таудың дәл етегінде еді. Ұзыннан-ұзақ бір көше боп жоғарыдан төмен қарай созылып жататын. Қыста осы жалғыз көшенің басынан-аяғына дейін балалар жуылдаса топырлай жүріп қарды таптап, сырғанақ жасайтынбыз. Қар қалың түскенімен таулы жердің күні өте жайма-шуақ, жылы болады. Тапталған қар күні бойы жентектеліп еріп, кешке қарай көк мұз боп қатып қалатын. Дәл сол кезде үй-үйден шанасы барлары шанасын сүйретіп, конькиі барлары аяғына конькиін байлап, бала атаулы тегіс көшеге шығатын. Қас пен көздің арасында ұзын көше бастан-аяқ қыбырлаған балаға толып кетуші еді. У-шу боп, біреулері төмен қарай оқша зулап шанасының табанынан от жарқылдап бара жатқанда, енді бір шұбалған топ шаналарын сүйретіп жоғарыға өрлеп бара жататын…

Бүгін де сырғанақтағы ойынның сондай бір қызған шағы еді. Күннің көзі қанталағандай боп ерекше қызарып ұясына қонуға таянған. Сірескен ақ қардың бетінде бір сәтке жұқалаң қызғылт кілегей тұрды. Күні бойы Ешкіөлместің күнгейінде жайылған мал ешкім қайырмаса да бір ізбен шұбырып ауылға қайтқан. Кенет бүкіл ауылды шулыға шыққан ащы дауыстар селт еткізді. Төбе құйқаны шымырлатып жоқтау айтқан дауыстар. Аянның үйінен шығып жатыр. Мұндайда балалар еліккіш келеді ғой. Сырғанақты тастай бере дәл бірдеңеден құр қалатындай бәріміз бірдей дүрліге дүркіресіп, Аянның үйіне қарай лап қойдық. Артымыз жетпей жатып, алдымыз не боп қалғанын естіп те үлгердік. «Аянның әжесі өліп

қапты», - деген сыбырды алқына тұрып сүйінші сұрағандай бірімізге-біріміз жеткіздік.

Жарғақ сары тон киген Аян, күлімдеп тұратын қара көзі шарасынан шыға жаутаңдап, өңі боп-боз есігінің алдында тұр екен. Үйінде көрші-қолаң әйелдер бір-бірімен шуылдаса көрісіп, азан-қазан боп жатқанмен ол көзіне жас алмапты. Біз өзара сөйлескеніміз болмаса, оған үн қатқамыз жоқ. Аян да бізді үнсіз қарсы алды. Сүйреткен шанамызға, конькиімізге көз салды. Тоңғаннан ба, танауын жиі-жиі тартып, дір-дір етеді.

Күн ұясына еніп бара жатыр. Аян болса сол мелшиген күйде жалтақ-жалтақ етіп, ауылдың әр тұсынан «әжетайлап» дауыс қойып келе жатқан үлкен адамдарға қарайды. Бірақ олардың бірі де бұған назар аударар емес. Біз болсақ, енді қайтер екен деп қызықтағандай одан көз айырмастан ортаға ап, қоршалай тұрмыз. Өзара сыбырласқан боп, оған да естірте: «Әжесі өлгенге неге жыламайды-ей?» - деп қоямыз. Аян естісе де, естімеген адамша міз бақпайды. Тек әлдебір уақытта, бас жоқ, аяқ жоқ:

- Ертегі тыңдайсыңдар ма деді? - деді. Онан соң біздің жауабымызды күтпестен өзі бастап үйдің бұрышын айналды. - Жүріңдер, үйдің сыртына отырайық.

Біз оның соңынан ердік. Үйдің сырт жағына кеп шаналарымызды қаз қатар тіздік те, өзіміз жайғаса отырып, енді не дер екен, дегендей Аянның аузына қарадық. Ол со тұнжыраған қалпында бәріміздің жүзімізді бір сүзіп өтті де:

- Күлкілісін айтайын ба? - деді.

Біз үн-түнсіз бас изестік. Аян тонының омырауына тұмсығын тығып сәл күрсініп қойды да, ойға шомған күйде сыбырлағандай дауыспен:

- Ертеде бір жетім бала бопты… - деп ертегісін бастады.

Сол күні оның ертегісі түннің жарымында бір-ақ аяқталды. Әуелде тұнжыраған күймен жабырқау басталса да, келе-келе ертегінің күлкілі оқиғасы көбейіп, Аян да бауырын жазып, бәріміз көңілді күлкіге батып қарық боп қалды. Тіпті Аянның әжесінің өлгенін де ұмытып кетіппіз. Сықылықтап күліп мәз-мейрам боп:

- Ей, тағы да айтшы.

- Тағы да айтшы… - деп жан-жақтан шулап қоя бердік.

- Жоқ, ертең айтамын, бүгінге осымен бітті, - деді ол салмақты үнмен. Басын көтеріп аспанға қарады. - Е, жұлдыздың нуы жиі екен, ертең күн ашық болады, - деп қойды үлкен кісіше.

Бәріміз жапа-тармағай аспанға қарадық. Шынында да жұлдыздар жайшылықтағыдан әлдеқайда көп еді. Баттиып-баттиып, балқыған қорғасынша сорғалап ағып түсердей боп жарқырайды.

Біз Аянның ертеңгі күннің ашық болатынын жұлдызға қарап айтқанына іштей сүйсіне таңырқасып қойдық. Менің қасымда отырған Садық:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий