Knigionline.co » Казахские книги » Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы

Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

В отместку за гибель младшего брата, Бактыгуль Тектигул крадет у богатого Салмена, виноватого в гибели, лошадь. Узнав об этом Салмен избивает Бактыгула, тогда Бактыгуль обращается за помощью к Жарасбаю. Он ему не помог, не выдержав, Бактыгуль убивает Жарасбая…

Событие Караш-Караш / Қараш-қараш оқиғасы - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қоқай көп заманнан бері Қозыбақ аулында Сәлмен жылқысына шығып жүрсе де, ерғара ғана болмаса, өмірінде бетпе-бет келіп, ұрымен бірде-бір кезек сойыл сілтесіп, салысып көрген емес-ті. Бақтығұлды қолма-қол қара сойылмен салып жіберу оның ойына да кел-меген. Тек сүйретіп жүргені болмаса, сойылды тегінде қару етіп, кісіге жұмсап көрмеген-ді. Жау тепсініп келіп, қамшымен тартып қалғанда, ежелден бойға біткен жасқаншақтықпен өз ісін өзі тентек, өрескел көргендей, оп-оңай жасып қалып, шошып барып, аттан күрс ете түсті.

Артынан ұры сытылып жөнелгенде, айғайлар болар еді. Бірақ қолма-қол жерден айрылғанын өзгелер мазақ етер деп ойлап, ананың қарасы ұзағанша, өтірік сезбеген кісі болып, іркіліп қалған.

Бақтығұл жаңағы қауіп мүйнеті енді еркіндікке ауысқанда, тез-тез қараңғы сайға түсіп, қарағайға кіріп адастырып кетпек болып, шаба жөнелді. Қараңғы түн, азғантай жерге ұзаса, мұны жасырып, қойнына тығып әкетуге дайын. Бірақ алғашқы жылқышыдан құтылып, жетекпен қашып шығып, шауып бара жатқан ұрыны жоғарғы тұстан келе жатқан бір жылқышы көріп қалды. Ол мынау шаба жөнелгеннен-ақ, өкпе тұсынан қосылмақ болып, көлденеңдей шапты.

"Әй, кімсің, ә?" деп дауыстады да, жауап қайтпаған соң: "Аттан-аттан!" деп, жым-жырт тау ішін шошыта жаңғыртып, айғай салып жіберді.

Қалғып келе жатқан өзге жылқышылардың оқыстан шошып, айғайлаған дауыстары тағы бірнеше жерден естілді. Аздан соң бәрі тегіс дауыстады да, бетті де түзеп алып, тау ішін айғаймен даңғаза ғып, тасыр-тұсыр шабуылға басты.

Тез шыққан ынтымақты айғайға қарағанда, жылқышы әрі кеп, әрі ұйықтаған да жоқ екен. Көп жанның шулаған айғайы мен тасырлаған шабысы қалың шың таудың ішін азан-қазан ғып, қайта-қайта жаңғырығып, алысқа жөңкіп тарап жатты. Тыныштыкпен жайылып жатқан шетінен құр жылқы түн айғайынан қатты шошынды. Жаз бойы елсіз иесізде тау ешкі, арқардай жайынсып кеткен мал тегінде күндізгі айғайды да елірген қызумен үрке өрекпіп қарсы алатын. Кәзіргі дүрбелең бір беттегі тобырды екінші бетке апарып, сондағы топқа қақтыға соқтықтырды. Қалың көптің арасында тай-құлынның ұшып, домалап түсіп жатқандары байқалады. Сондай боп жығылған жылқы баласынан үріккен кей топтары, ортасына жай түскендей, қайтадан жарыла жөңкіп, бұрынғыдан жаман шұрқырай кісінесіп, талқан болып бүлінісіп жатты.

Жылқышының көбі бұл жайлардан хабардар болған жоқ. Алдыңғы айғай шыққан беттен дырду-шуды көбейтіп, құр дақпыртқа шапқаны болмаса, олар ешкімді көрген де жоқ. Адасып қалды. Тау іші, тұмсық айналса, адастырады. Сойыл салым жерге, ылдиға бұрын түссе, жер жөнін білетін жортуылшы кез жаздыруға жарайды.

Жылқышылар бір-екі тұмсықты айнала шауып, арсалаңдасты да, аяғында дабырласып жүріп, бірін-бірі тауып алды.

– "Е, не болды?", "Уа, не болды, қызыңды?!.. " -десіп, бейпіл тіл мен былапыт сөздер айтысып, жай сұраса бастады.

– "Көрген бар ма?", "Неден шықты?", "Уа, аттанды кім салды?" – деседі. Осы шақта олар өз арасындағы басшы жылқышы Жамантайдың жоғын байқады. Алғашқы айғай да сонікі болатын. Жылқышылар көп бөгелмей, соның алғашқы дабылы шыққан жеріне таман шұбырысты. Бытырай жүріп дабыстап, Жамантайды шақырысқан. Сол кезде етекте сәл ыңырсыған дауыс естілді. Қия беттен аттылар әупірімдеп, қапталдап шұбай түсіп, зорға дегенде етекке тақады. Қараңғыда ат көрінбеді. Біркертпе тастың ернеуінде қарауыта қозғалып жатқан қарайғанды көрісті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий