Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Абай Кунанбаев – главный герой романа. Он историческая личность, великий поэт, основоположник казахской письменной литературы. Роман повествует о жизни народа XIX века, которая полна драматизма и противоречий, надежд и чаяния народа Казахстана, о его духовном облике, национальном характере.

Путь Абая. Книга I / Абай жолы. I кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сондықтан бір уақыт ол, әке сөзінің сыртын, ағымын тыңдайды. Кейбір өзі білмейтін қиын, жаңа сөздерін ұстап қалады. Әлдекімге қаптап, зіркілдеп сөйлеп отырған әке сөзі кейде бұған бір жортуыл, шабуыл үстіндегі шұбырынды, ұзақ сарын сияқтанады.

Кейде ұғымсыз сөзден іші пысып, әкесінің пішін тұлғасына қарап, қадалып қалады.

Тегінде ертекші, өлеңші, не басқа әңгімеші адамға талай уақыт тапжылмай тесіле қарап қалу Абайдың кішкентай күнінен бергі әдеті еді. Адам пішіні әрдайым бұған бір тамаша, өзгеше қызық сурет тәрізденетін. Әсіресе, ажымы мол үлкендер пішіні бір қызық хиқая тәрізді. Ол кей адамның айғыз-айғыз ажымынан, салбыраған ұртынан, қыртыстанған маңдайынан, немесе бояуы оңған көздерінен, әр алуан сақал-мұртынан - өзінше неше түрлі жанды, сызаты көп сипаттарын көргендей болатын. Қына басқан, сызаты көп тас па? Я селдір тоғай ма? Не, көде-кекпек пе? Кейде мал мен аң бейнесі ме? Бәріне де ұқсап кетіп отыратын адам мүсіндері болады.

Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері қаз жұмыртқасындай көрінеді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне, ұп-ұзын боп дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. Сонда, Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтана-ды.

Қоя беріп, салғырттығы жоқ сергек қатал күзетші.

Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Тесіле, сыздана қарайды. Кірпігін де сирек қағады. Иығына бота ішігін жамылып, шалқия отырып сөйлеген Құнанбай, осы үйде әркімге қарамайды. Қарсысына таман отырған Сүйіндікке ғана қадалып сөйлейді.

Сақал-шашы бір реңдес, қара бурыл Сүйіндік оқта-текте бір қарап қойғаны болмаса, Құнанбайға тесіле қарамайды. Көзін төмендете береді. Абайға оның пішіні – көп кездесетін, әңгімесі аз пішін сияқты. Бөжей де оншалық өзгеше емес. Түсі ақ сұр келген, өзі қоңыр сақалды, кесек мұрынды Бөжей - осы отырғанның бәрінен де сұлу. Бетінде ажымы да аз. Бірақ, Абайдың көзін оған көп тартатын бір нәрсе - мұның бітікшелеу, кішкене келген көздері.

Құнанбай ұзақ сөйлеп отырған кезде Бөжей қыбыр етіп қозғалған жоқ.

Көзін де төмен салған қалпынан бір көтермеді. Сондықтан оның ұйқтап отырғаны, я ойланып отырғаны мәлім емес. Қалың етті, салбыраңқы қабағы кішкене көзін көрсетпей, тасалап алған сияқты.

Құнанбайға бұлардың ішінен көз алмай, қырандай қарап отырған - дәл төрдегі Байсал. Қызыл жүзді, жирен сақалды Байсалдың денесі ірі, қапсағай.

Көкшіл түсті үлкен көздері - әрі салқын, әрі сыр берместей сабырлы.

Бұлардан басқа барлық салқын, томсарған жандар ішінде ең жандысы, ең шапшаң, қағылезі Қаратай мен Абай қасындағы Майбасар.

Үлкендер тобына бір жақтан, әкеден төмен отырып, телміре қараған Абай болса, дәл осы тәрізденіп, барынша бой салып, қарап отырған - ана шеттегі жас жігіт Жиренше.

Бұл Көтібақ ішінде Байсалдың жақын туысқаны Шоқанның баласы. Байсал әрдайым қасына ертіп жүреді. Әрі жігіті, әрі сөз ұғып, адам болар деген жасы.

Ол әңгіме атаулыны көп біледі. Қызық қып айтады. Өзі күлдіргі. Абайды еркелетіп те қоятын кезі бар-ды. Қазіргі осы жиында Абайдың оңаша кездесуді іздейтін жалғыз ыңғайлы көрер адамы осы.

Бірақ оның шыны ма, иә, әдейі үлкендерге көз қыла ма, әйтеуір, қазір Құнанбай сөзінен басқа бар дүниені ұмытқан. Сонымен бірге Абайды да былай қоя тұрған сияқты.

Жиренше қабағын бір шытып, қозғалақтап қалды. Абай енді байқады, әкесі сөзін аяқтап келеді екен.

– Қодар сұмның қылығы сырт елдің алдында менің бетіме салық болса, осы елге, өз келеңе келгенде, осы отырған бәрімізге салық. Мынау отырған сендерге салық! - деп аз тоқтап, Сүйіндікке қадалып отырған жалғыз көзін енді төрдегі Байсалға аударды. Одан өзінің оң жағында отырған Бөжейге қадалды.

Бірақ Бөжей мен Байсал мызғыған жоқ. Өзге отырғанның барлығы сөздің салмағымен түйінін өз арқаларынан сезгендей боп қозғалақтап, ырғалып қалысты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий