Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

1961 жылы мен Алматыға ауыстым. Сол жылдың жазында Қазақстанның 40 жылдығын тойлау белгіленді де, соған арнап газетіміздің мерекелік қосымша номерін шығармақ болдық. Мерекелік номерге басқа авторлармен бірге Момышұлының да мақаласы жоспарланды. Редактордың орынбасары ретінде қосымша номерге жетекшілік ету маған жүктелген-ді. Мақаласын ұйымдастыратын авторларды редакция қызметкерлеріне бөле келгенде жұрттың бәрі Бауыржаннан қашқалақтап, онымен байланыс жасаудан тайсалақтай берді. Мен оның себебін түсінбедім.

— Ол кісімен сөйлесу қиын, — деді партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі ақын Құрманғали Ұябаев. — Көңілі түспесе ұрсып тастайды, сөйлеспей қояды. Жігіттер сондықтан батпай отыр. Ол кісімен өзіңіз сөйлескеніңіз дұрыс.

Ақыры Бауыржанның үйіне менің телефон соғуыма тура келді. Ар жақтан трубканы әйел алды. Әйелмен сәлемдескеннен кейін мен Баукең үйде ме деп сұрадым.

— Үйде. Бұл қайдан? — Мен қайдан екенін айттым. Әйел «қазір» деп трубканы тастап кетіп қалды.

— Мен тыңдап тұрмын, — деді бір кезде еркек дауысы трубканы жарып жібере жаздай гүр ете түсіп.

— Сәлеметсіз бе, Бауке.

— Сәлемет.

— Бұл «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясынан ғой, — дедім мен шапшаңдата сөйлеп, әскери адам жіті, қысқа, нақ сөйлегенді ұнататын болар деген оймен. Содан соң лауазымым мен фамилиямды айттым да, бірден бұйымтайға кірістім. — Мерекелік номерге сіздің мақалаңызды жоспарлап едік. Соған...

— Тоқта, фамилияң кім сенің? — деді Бауыржан менің жоғарыда айтқандарыма мән берместен.

Мен фамилиямды қайталап айттым.

— Мен ондай адамды білмеймін, — деді Бауыржан сөзін нығыздай сөйлеп. — Мен сізбен сөйлеспеймін...

Бұл күнге дейін мен газет атынан сөйлескен кісіге мұндай жауап берген адамды кездестірген жоқ едім. Аудан, облыс, өлке басшыларымен емін-еркін сөйлесіп, тілек-тапсырмамызды бірден айта беретінбіз. Үлкенді-кішілі журналистермен сөйлеспейтін, олардың өтінішін орындаудан бастартатын ешкім болмайтын.

Момышұлы маңдайдан тарс еткізіп, екі сөзге келместен, трубканы ілді де тастады.

Абыржып, аң-таң болып мен қалдым. Ақыры: жазушы ағайындардың жазғанын ғана оқып, атағына алыстан сүйсініп жүре беру керек екен-ау. Оларды көрсем, білсем, тілдессем деу бекершілік екен ғой. Қайта солардың мінез-құлқын, жеке өмірін білмей-ақ қоюдың өзі абзал шығар деп түйгенмін де қойғанмын. Әрине, Момышұлы жоғарыда аталған мақаланы бізге жазып беріп, ол қосымша арнаулы номерде жарияланды да. Менімен сөйлеспегені үшін Бауыржан артынан ғапу да өтінді. Дегенмен, жүрегім сол жолы май ішкендей шайлыққан мен осыдан кейін Момышұлына жоламайтын да, жуымайтын да едім. Аман-сау, абыройлы болуына сырттан тілектес көптің бірі болып жүре беретінмін. Мінеки бүгін келіп мен сол адамның есігін өзім қағып тұрмын.

— Әй, ашсаңшы, — деп гүр ете қалған зор дауыс естілді менің қоңырауымнан кейін. «Бұл мықтының өзі болды» дедім ішімнен.

Есік ашылды. Үстіне аяғының басына түсе сүйретілген гүлді көк халат киген сұңғақ бойлы, сымбатты әйел қарсы алды. Бұл — Бауыржанның жұбайы Кәмәш. Батырдың әйеліне бас идім де, кіруге рұқсат сұрадым.

— Кіріңіз.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий