Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қос құшақ айқаса түсті. Былайғы жұртқа кесек боп көрінетін Бауыржан келген адамның құшағына еркін сыйып кетті. Екі алып адам бірін-бірі аймалай құшқанда кешегі Ұлы Отан соғысында Москваны шойын кеуделерімен қорғаған екі ер солдаттың болат жүректері бордай езіліп кеткенге ұқсады. Бұлай болатын жөні бар еді.

...Ашық жерде, ақ қардың үстінде жатқан батальон күні бойы жаудың бес рет жасаған атакасын тойтарды. Бес ретте де пулеметші Блоха ерекше көзге түсті. Бұл күні полктың ең жанды жері болған бұл батальонмен Бауыржан күні бойы бірге болды. Фашистердің алтыншы атакасы басталмас бұрын Бауыржан еңбектеп, пулеметші Блоханың қасына келді.

— Сенің табандылығыңа, ерлігіңе және мергендігіңе бүгін мен ерекше сүйсіндім, Блоха. Саған деген шын жүректен шыққан алғысымды айта келдім, — деп, Бауыржан етбетінен жатқан ақ тонды еңгезердей солдаттың арқасына қолын тигізді.

Арпалыс сәтте алғы шепке келіп сүйікті командирі алғыс айтса, солдатқа одан қымбат не болушы еді! Солдатқа сол сәттегі командирдің бір ауыз жылы сөзінен жоғары не награда болушы еді! Блоханың қақпақтай жауырыны оқыс бүлк-бүлк етіп қалды.

— Совет Одағына қызмет етемін!.. Батя!.. — деді ол булығып.

Бауыржан солдатқа бұдан басқа дәнеңе деген жоқ. Тез еңбектеп, рота командирінің окобына қарай кетті. Полк командирі кеткеннен кейін, көп кешікпей, дем ала алмай ентігіп, түсі қашып шәпеті денелі рота командирі пулеметшінің қасына жетті. Осы кезде немістер алтыншы шабуылды бастауға кіріскен еді. Олар бар қаруларынан оқ атып, бұрқылдата жөнелді.

— Полк командирі ауыр жарақаттанып қалды, — деді ол дегбірі қашып. — Блоха, айналайын, бұл жерде батяні сенен басқа алып кете алатын кісі жоқ. Тез барып құтқар батяні. Сенің орныңа пулеметке өзім жатамын.

Блоха төбе құйқасы шымырлап, өзінің не боп кеткенін білмей қалды.

— Тірі ме? — деді бар аузына түскен сөз осы болып.

— Тірі, тез жете гөр, айналайын!..

Көбік қарды садақтың оғындай сызып рота командирінің окобына тез жеткен Блоха ес-түсін білмей жатқан Бауыржанға төнді. Алыпты алып қана арқалайды емес пе, оны иығына салып, тез-тез жиырылып, еңбектей жөнелді. Оның артынан, кетіп бара жатқан танктың бір жақ табанының ізіне ұқсап, шұбатылған траншеядай терең із минут сайын ұзара берді...

Екеуі үстел басына отырып, хал-жай білісті. Блоха Қарағандының бір шеберханасында ұста болып істейді екен. Бауыржанның осында келгенін газеттен оқып, әдейі іздеп келіпті.

Бауыржанның буфетінде бір жартылық таза спирт бар еді. Соны алып келді де, графиннің жанында тұрған үлкен стаканға толтыра құйып, Блохаға ұсынды.

— Мен қазір ішпеймін, — деді Бауыржан, — шахтаға кездесуге бара жатырмын. Ал екеуміздің осы кездесуіміз үшін сен мынаны жұтып қой.

— Дем алмастан ба, батя?

— Иә, дем алмастан.

Блоха бір стакан спиртті екі-ақ қылқып, көріктей кеудесін керіп, терең бір дем алды да, аузын күректей алақанымен сүрте салды.

— Екеуміздің бүгін бірге отыратын он-ақ минут уақытымыз бар, — деді Бауыржан. — Сен ертең офицерлердің клубына кел, сонда молырақ сөйлесеміз.

— Немене, батя, ылғи асықтыра бересің, — деп Блоха наразылық білдірді. — Соғыста асықтырғаның жөн. Енді тыныштық кезде асықтырмасаңшы.

— Молчать! — деді Бауыржан мұрты тікірейіп. — Мен болашақ ұрпақтың асықпауы үшін асығамын. Понятно тебе?

Ертеңінде белгіленген сағатта Бауыржан Қарағандының офицерлер үйіне келді. Атақты Момышұлын көру үшін қала офицерлері әйелдерімен, бала-шағаларымен жиналған екен. Блоха да сол жерден кездесті. Ине шаншар жер жоқ иін тірескен жұрттың алдында Бауыржанға сөз берілді. Сөз берілерден бұрын Момышұлының Ұлы Отан соғысының қаһарманы, бүкіл дүние жүзіне белгілі әдеби герой, атақты жазушы екені айтылды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий