Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Мен салмын, — деді ол сәл бөгеліп барып. Бауыржанның не айтқалы келе жатқанын мен қапелімде аңғара алмай қалдым. «О не дегені? Ақан сері. Біржан сал сияқтымын дегені ме? Оны неге байланысты айтып отыр? — деп ойладым. — Сал аурудың не екенін түсінесің бе? — Мен ол сөздің мәнісін енді ұқтым да, басымды изедім. Бауыржан сөзін қайтадан жалғады. — Мына асқазан, өкпе, бауыр, жүрек, жұтқыншақ дегендерің тегіс caп-cay. — Ол алдымен кеудесін сипады да, екі қолын бірдей беліне апарып тоқтатты. — Ал мына жақ ит боп кетті, жүре алмаймын. Мұның өзі жұлын, жүйкеге байланысты ауру. Мен екі рет ауыр жарақаттанған кісімін. Бірақ екеуінде де саптан шыққаным жоқ. 1942 жылы полк командирі кезімде омыртқама оқ тиді. Санбатқа жеткізгенше ес-түсімді білген жоқпын. Есімді жисам, етпетімнен жатыр екенмін. Бас жағымда дәрігер бірдеңе деп баж-бұж етіп тұр. Бақсам сөзі мен туралы екен. «Бұл кісіні дереу госпитальға жіберу керек» деп безек қағады.

— Сонша не боп қапты?— дедім дәрігерге.

— Омыртқаңызда оқ қадалып тұр, жолдас капитан, — деді дәрігер одан сайын дегбірі кетіп. — Сізді дереу госпитальға жөнелтуіміз керек.

Тістеніп, әрең дегенде қолымды жеткізіп, арқамды сипасам, расында да оқ бар екен.

— Скальпелің бар ма? — дедім дәрігерге,

— Жоқ.

— Өткір бәкің бар ма?

— Жоқ.

— Ұстараның жүзі бар ма?

— Бар.

— Ендеше соны спиртпен шай да, оқ тұрған жердің етін кес!

— Олай етуге болмайды, жолдас капитан...

— Болады! Бұйырамын! Орындамасаң — атамын! — деп етбеттеп жатқан күйімде он жақ жамбасымдағы кабураның аузын ағыта бастадым. Батырға да жан керек деген емес пе, дәрігер дереу айтқанымды істеуге кірісті. Ол арқамды кескілей бастағанда пистолеттің сабын сындырардай қысып, тісім шықырлап мен жаттым.

— Мінеки, жолдас капитан, оғыңыз! — деп дәрігер әлден уақытта омыртқама тірелген оқты алып, алақаныма салды. Жарамды таңдырып алып, арқамнан алынған оқты, мені санбатқа жеткізген Блоха деген жауынгерімнің қолына ұстата салып, жаумен ауыр ұрыс жүргізіп жатқан полкке қайтадан жеттім. Бірнеше күн қатарынан жаумен жағаласып, жан ұшырып жүргенде арқамдағы жараны ұмытып та кеттім. Ол бірде суланып, бірде қара-қотырланып, бірде қыши бастап, өзінен-өзі жазылып та бітті.

Бауыржанның аузынан шыққан Блоха деген фамилия менің көз алдыма екінші бір картинаны елестетті.

1960 жылы бір топ ақын, жазушы шахтерлермен кездесу үшін Алматыдан Қарағандыға келді. Солардың ішінде Бауыржан Момышұлы да бар еді. Бір күні таңертең жазушылар шағын-шағын топтарға бөлініп, шахталарға кеткелі жатқанда, мейманхананың Бауыржан түскен бөлмесінің есігі тықылдады.

— Кіріңіз, — деді жайбарақат темекі тартып отырған бөлме иесі.

— Қайда менің батям? — деп гүрілдек дауысты, Бауыржанның өзін екі орап алғандай алпамса денелі, ұзын мұртты әлде біреу ырғаң-ырғаң басып, есікті айқара ашып тастап ішке қарай кіріп келе жатты.

Бауыржан тез мойнын бұрып, дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Жалт қарады да, қорбаңдап, құшағын жайып, өзіне қарай ұмтылып келе жатқан алып денелі адамды бірден таныды. Батырдың қаһар жүзі жылып, қатал жүрегі жібіп, жұмсарып қоя берді. Бір кезде полк командирі Момышұлын қол астындағы жауынгерлерінің бәрі тегіс «батя» деп атайтын еді. «Батя» — қазақша «әке» деген сөз. Командирдің өзін қол астындағы жауынгерлері ресми түрде «жолдас командир» деп атауы оңай. Ал оның «әке» деп атауы оңай іс емес. Солдаттар әкедей зейіл, әкедей әділ, әкедей қамқоршы командирді ғана, өздерін әкедей аялап, әкедей сүйе білетін командирді ғана әскери уставтың талап етуінше емес, өз жүрегінің әмірімен, осылай «әке» деп атайды. Бауыржанға «батялап» кіріп келе жатқан адамның артынан бүкіл полкы жамырай еріп келе жатқан сияқты боп көрінді. Ол орнынан атып тұрды да:

— Мен мұндамын, ұлым! — деді даусы еркінен тыс елжірей шығып.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий