Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Көптен қаладан шықпаған Абайға жаңа көктем ендi ғана өзiнiң келе жатқанын баян еттi. Сол жақта, алыс көк жиекте, көкшiл мұнар iшiнде Семейтау көрiндi. Қардан о да арылыпты. Кесек, жұмыр бiр ғана қатты толқын бүктетiлiп, түйiлiп кеп, мәңгiге мелшиiп, қатып тұрып қалғанға ұқсайды. Айнала сар дала ортасында оқшау бiтiп, оқыс тұрып қалған бiр үзiк тау. Мәңгi-бақи жым-жырт боп, жай созылған сахараның бiр заманда әлденеден булығып, лықсып шыққан ереуiл толқыны ма? Ашу қажыры ма? Сол бейнелi бөлек тау.

Абай тау ажарынан осындай оқшау бiр бiтiм көрiп, қадала қарап отырып, тымағын алды. Пысынаған басына, бетiне Семейтаудан асқан қоңыр жел леп-леп тиедi.

Денесi серги бiр, сүйсiне бiр күрсiнгенде, сергек, сезiмтал көңiл де өрби түскендей болды.

Абай жер көркiн, өз көңiлiн еркiн өлең етiп кеттi...

Мынау салқын лебi айықпай ескен күн шуақты көктем күнiне Абай жүрегi өзгеше бiр емiренiп келедi. Кеудеде талай ыстық толқын сезiмдер сыя алмай сығылысқандай... Өлең әнге оралып, еркеленiп келедi... Үзiле алмай ырғалады.

Абай байқамапты. Бұның бар өлеңiн Мәкiш тыңдап отыр екен. Бөтен бiреудiң өлеңi емес, iнiсiнiң өз өлеңi екенiн де бiлiп отырыпты.

– Абай, осы сен ақынсың-ау! – дедi де күлiп жiбердi.

Абай Мәкiштi ұмытып кеткен екен. Әуелi үркiп қалғандай, қысылып:

– Е, оны қайдан бiлдiң? – дедi.

– Естiп келем ғой... Жасырайын деп пе ең? – деп, Мәкiш күлдi де, – және Ербол бар, барлық жас құрбың да көп айтады ғой. " жарысқа түспегенi болмаса, анық ақын " дейдi, рас па сол? – дедi.

Абай ендi күлiп жiбердi.

– Сонысы рас! Ақынмын!

– Қандай өлең айтасың?

Әй, Мәкiш-ай, өлеңiм менiң желге кетiп жүр ғой.

– О қалай?

– Мен сүйген мен күйгендi айтам. Сүйгенiм оралмастай алыста. Ал айнымастан қасымда, жадымда қалар – жалғыз күйiгiм ғана, соны айтқан соң желге кеткенмен бiр емей немене?

– Күйiгiң не? О не деген сөзiң? Сенде қандай күйiк болушы едi? – деп, Мәкiш Абайға кiнәлай да, сынай да қарады. Iнiсiнiң қабағы шытынды да, өңi тағы қуаң тартты. Толықша бiткен дөңгелек жүзiнде әлi бiрде-бiр ажым жоқ. Кесек сұлу бiтiмiне бұл күнде ұзаңқырап шыққан қиық мұрты да жақсы жарасады. Селдiр қара сақалы да бетiнiң көлемiн бұзбай, сәл ұзарып қана барып тоқтапты.

Қазiр Мәкiш барлап қараған шақта Абайдың мұрын мен бетiнде азырақ жылтырап бiлiнген, майда жұмсақ бiр нұр бiлiнедi. Жаңа ғана толып жеткен жiгiттiктiң анық сұлу ажары. Отты, саналы көздерiнiң ақ, қарасы айқын. Ажары таза, көздерi әрi көрiктi, әрi ыстық тиедi. Бiр қараған кiсiнi қайта тартып, ерiксiз қаратқандай, алмасы бардай, әсерлi көз. Жiп-жiңiшке боп, ұзын сызылған қап-қара қасы да жiгiт жүзiнiң жақсы ажарын аша түскендей.

Мәкiш өз туысына, iнiсiне iштей мақтаныш ете қарады. "Күйгенiм бар" дегенiне сенген жоқ. Сонда да айтқыза түсiп, танығысы келдi.

– Ал, күйiгiңдi не деп айттың, соныңды айтшы деп сұрады.

Абай көңiлiнде ерте күннiң айықпас сағымдай сұлу қиял естегiсi отыр едi. Сол күнде жүрек толқынын осы бiр әнмен айтқан. Бұл да жаңылмас серiгi содан берi. Естегiсi – Жәнiбекте өткен жайлау түнi болатын. Сүйiндiк аулындағы алтыбақан. Әлпеншектi Тоғжанмен бiрге теуiп тұрып, осы әнге сыр бөлеп едi екеуi. Жұрт көзiнше бiр әнде, бiр жүрекпен табысқан-ды. Сол "Топайкөк" әнiн бастады. Мынау көктем күнi Тоғжанды тағы да аса бiр сағындырып, қатты көксетiп келе жатыр.

Апасының айт дегенi бұның өзiнiң де жүрек, қиял тiлегi болатын. "Топайкөктi" бұл жолы шырқау үнмен айтпай, қоңыр, баяу ырғақпен бастағанда, өзгеше бiр нәзiк шердiң сөзi кеттi. Мәкiш өлең сөзiн әсiресе құлақ қойып тыңдап қапты. Мұңға толған жас жiгiт айтып келедi.

Жарық етпес қара көңілім не қылса да,– деп барып,

Аспандай ай менен күн шағылса да,

Дүниеде,сірә, сендей маған жар жоқ

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий