Knigionline.co » Казахские книги » Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов

Книга «Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Это произведение – трилогия, состоящая из следующих книг «Сумерки», «Сергелдені», «Көркеу». Оно описывает одну эпоху периода жизни казахского народа. Через отдельно взятые судьбы, автор передал жизнь целого народа. Трилогия содержит полную картину всех сторон жизнедеятельности ушедшей страны, описывает многие судьбы, в том числе и «постигшие море» …

Кровь и пот. Книга I. Сумерки / Қан мен тер. I кітап. Ымырт - Абдижамил Нурпеисов / Әбдіжәміл Нұрпейісов читать онлайн бесплатно полную версию книги

ЫМЫРТ (І КІТАП)

БІРІНШІ БӨЛІМ

─ Бетім - ай!.. Масқара - ай!..

Тырыли арық Қарақатын жерқазбаға танаурап сөйлей кірді. Құшағындағы отынды аласа қазандықтың жанына аудара тастады. Салпыетек бөз көйлектің бір шалғайын жоғары көтеріп ышқырлығына қыстыра салды да, қызыл қарын жас немересін алдына алып ыңылдап отырған қайын ененің қасына қол таяна тізе бүкті.

Жерқазбаның терезесі дәл төбесінде; оған шелін алған шыңылтыр қой қарнын тұтқан-ды; батып бара жатқан күннің соңғы сәулесі қой қарнынан өлеусіреп қана түсіп тұр. Үй іші күңгірт. Қарт ананың жүзі көрінбейді. Тек қақырадай биік ақ жаулығы бозғылданады.

─ Ене - ау, не есіткенің бар? Әлгі Қаратаздың... қойлы таздың інісі бар емес пе? Тәңірберген деген сері інісі бар еді ғой,- деп, Қарақатын енесіне қарай тағы бір ысырылып отырды. Сонан әрі бейуақ кешті біртүрлі құпиялы сырға бөлеп, ерні сүйреңдеп сыбырлай сөйледі. ─ Не басыңды ауыртайын сенің. Сол сері жігіт кеп, Еламанның үйіне түсті. Аты қара тер. Қанжығасында бір қоян, бір түлкісі бар. Қояны ақ тушадай - ау, ақ тушадай! Ақбала сыртқа шығып, сері жігітті аттан түсірді. Ал екеуінің қалай көріскенін көрсең... Масқара - ай!.. Бетім - ай! О, жүзіқара! О, қарабет!..

Қалың киімді біреу жер қазбаның аласа есігіне сыймай, үсті - басы сықырлап кіріп келе жатты. Қарақатын тезірек от жағып жібермек болды. Оттың іздеп жанталасып жүріп, жолда тұрған қара құманды қағып кетті. Онан шелекке сүрініп, үй іші даңғыр - дұңғыр болды да қалды.

─ О, көк тігілгір! О қара байланғыр! Есіз қалғырдың мүлкі, түге. Тап жаңа ғана тап -тұйнақтай ғып, орын - орнына жинап қойып едім. Баласы құрғырлар - ау, жүретін жолға қойған.

Үй иесі үнсіз. Осының бәрін күнде - күнде көріп, есітіп жүргесін әбден еті өліп кеткен. От басының берекесіз ластығына, қатынының салақтығы мен шаңқылдаған ащы даусына да үйренгенді. Ол қолына ұстай кірген бір асымдай тоң балықты босағаға тастай салды. Сонан соң жеңінің ұшына мұз қатқан су - су киімін босағада тұрып шешіп, етігімен төрге шықты.

Қарақатын бықсып жанбай жатқан отты үрлей түсті де, әлде - неге мырс етті:

─ Еламанды айтам - ау!.. Сорлының үйі бүгін сонша ұятты қалай көтеріп тұр екен?

Ақкемпір келініне көз қиығын тастап: «Ә, Құдайым!- деді ішінен,- қайтейін?!.. Бұ да өзгеге күледі, өзіне күлетін кісі жоқ па екен?!»

Қарақатын отты тастай сала енді күйеуінің асты - үстіне түсіп, жалпылдап:

─ Бізді асыраймын деп жаныңды жалдап жүрсің. Күн ұзын нәр татпаған кісіде әл қайдан болсын?! Кел, етігіңді тартып жіберейін,- деп еді:

─ Өзім шешем! Асыңды болдыр!- деді Дос. Қарақатын осы ауылда Ақбаламен өш. Ақбаланың жастығын, сұлулығын көре алмайды. Бәрінен бұрын күйеуі ұрысқан сайын: «Өзіңдей Ақбалаға қараш! Жүріс - тұрысына ішпей - жемей ырза боласың»,- деп сұлу келіншекті бұның бетіне салық қып басатын.

─ Еламанның үйі жаққа көзің түсті ме?..- деді Қарақатын сиқырлы жүзі жымыңдап. ─ Ақбаланы айтам - ау... Күйеуінің көзі тірісінде, тапа - тал түсте жігіт күтіп алып... Сонда ол сорлы еркектің кәдесіне жараса екен - ау! Анау шытыр жеген түйедей шермиіп отырған түрі.

─ Әй, жетер! Қой, енді!- деді Дос етігін шешіп жатып. Қарақатын қолындағы көсеумен ошақтың аузындағы шаңды бұрқ еткізіп салып қалды.

─ Қой, қой деп маған қожаңдағаны несі?! Маған қойғызғанмен ел аузына қақпақ бола алмайсың. Әне, қыз күніндегі желігін келіншек болғасын да жасыра алмай жүр. Осы өңір тегіс көріп отыр. Айта берсең, Ақбаланың ішіндегі баланы да Тәңірбергендікі екен деп...

Дос байпақты етікпен қатынын көк желкеден қойып қалды. Желкесіне тиген зілдей етік Қарақатынның жұлынын үзе жаздап, көзінен жас ыршып кетті. Дос қолындағы етікті қайта сілтей бергенде Ақкемпір ұстай алды. Баласының қолынан етікті жұлып алып, есікке қарай лақтырып жіберді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий